«Болашақ ойындары – 2026»: жүлде қоры – 4,65 млн доллар

«Болашақ ойындары – 2026» халықаралық турнирінің жүлде қоры 4 миллион 650 мың АҚШ долларын құрайды. 

Бұл туралы Туризм және спорт вице-министрі Серік Жарасбаев мәлімдеді. Турнир 29 шілде мен 9 тамыз аралығында алғаш рет елордада өтеді. Жарыс фиджитал футбол, баскетбол, жекпе-жек, шутер, би, сондай-ақ Dota 2, Mobile Legends және PUBG ойындары бойынша өткізіледі. Дүбірлі додаға әлемнің жетекші клубтары қатысады.  Айта кетейік, Қазақстан атынан 11 команда мен жекелеген спортшылар бақ сынайды. 

Серік Жарасбаев, ҚР Туризм және спорт вице-министрі:

- «Болашақ ойындарының» басты ерекшелігі – биыл жарыстың клубтық форматта өтуі. Яғни мұнда ұлттық құрамалар емес, халықаралық клубтар бақ сынайды. Бір команданың құрамында əртүрлі мемлекеттердің спортшылары өнер көрсете алады.

Ал фиджитал дисциплиналарда спортшылар алдымен виртуалды кеңістікте сынға түсіп, кейін жарысты нақты спорт алаңында жалғастырады. Мəселен, фиджитал футболда командалар алдымен виртуалды футбол ойнап, одан кейін футбол алаңына шығады. Осындай тəсіл арқылы цифрлық жəне дəстүрлі спорт бір жарыс форматына біріктіріледі.

Бүгінде фиджитал спорт əлемнің 115-тен астам елінде дамып келеді. Сондықтан Астанада осындай ауқымды турнирдің өтуі Қазақстанның халықаралық спорт кеңістігіндегі орнын нығайтып, еліміздің заманауи спорттық трендтерге ашық екенін көрсетеді.