Ақтауда батыс өңірінің әскери кинологтары арасында байқау өтті
Еліміздің батысындағы 4 облыстың әскери кинологтарының арасында байқау өтті. Ақтауда ұйымдастырылған іс-шараға Ұлттық ұланға қарасты 6 бөлімнің қызметкерлері қатысты.
Олар шекара бұзғандар мен есірткі сатқандарды ұстау, және қызметтік итті басқару шеберлігін көрсетті.
Өңірлік байқауға Ақтөбе, Орал, Атырау, Ақтау және Жаңаөзеннің үздік кинологтары қатысты. №6656 әскери бөлімнің кинологиялық қызметі орналасқан қалашық жауынгерлік тапсырмаларға сай жабдықталды. Қатысушыларға жоғалған адамды іздеу, сөмкеге немесе киімге жасырылған есірткіні табу сияқты іздестіру шараларына бірдей уақыт берілді. Қазылар алқасы кинологтармен қатар қызметтік иттердің де кәсіби шеберлігін бағалады.
Сегіз жастағы «Тыңшы» есімді қызметтік ит біраз қылмысты ашуға көмектескен. Әскери кинолог сенімді серігін күн сайын жаттықтырады. Оқу бағдарламасының бір бөлігі жарылғыш затты іздеуге арналды. Бір атап кетерлігі, спаниель тұқымдас ит күдіктіні байқаған бойда иесіне үнсіз белгі беруге дағдыланған.
Кинолог Сергей Коваленко дәстүрлі жарысқа бірнеше жылдан бері қатысып жүр. Оның төрт жастағы бельгиялық малинуа тұқымдас итін әскерилер іздестіру операцияларына тұрақты түрде қолданады.
Сергей Коваленко, кинолог:
- Жаттығудың ең маңызды тұсы – әрдайым сабырлы болу керек. Қателесуге болмайды. Қызметтік ит тапсырманы тез әрі дұрыс түсінуі керек. Жарылғыш зат жылдам табылмаса, кинологтің өміріне қауіп төнеді. Мұндай сәтте «Турбо» есімді серігім өз иесін қорғауға дағдыланған.
Жарыста неміс овчкаркасы, орыстың аңшы спаниелі секілді батыс өңірде сирек кездесетін иттер де бақ сынады. Иіс сезгіш иттер заңсыз есірткі тасымалына тосқауыл қоюда тиімділігін байқатқан.
Максим Попов, «Батыс» өңірлік әскери қолбасшылығының кинологиялық қызмет бастығы:
- Биыл сайыс үш күнге созылды. Әсіресе соңғы тәулікте Ақтау мен Атыраудың әскери кинологтары шамамен бірдей көрсеткіш көрсетті. Десек те жеңіске жеткен команда бар-жоғы 10 ұпаймен алға шықты.
Жалпыкомандалық есеп бойынша ақтаулық әскери кинологтар топ жарып, алтын медальді жеңіп алды. Күміс медальді атыраулықтар еншілесе, жүлделі үшінші орын Орал қаласының кинологтарына берілді.
Авторлары: Талғат Исламұлы, Саламат Бекбаев