Smart Turmys: коммуналдық қызметтер бір платформаға біріктіріледі

Коммуналдық есеп цифрланады. Енді әр үйге ақылды есептеу құрылғысы орнатылады. 

Елде коммуналдық төлемдерге берілетін тұрғын үй көмегін тағайындау процесі автоматтандырылмақ. Энергетика саласын цифрландыруға бағытталған ауқымды бастама ұлттық жоба негізінде іске асады. Алдағы үш жылда атқарылуы тиіс қыруар шаруаның бір парасы бүгін үкімет отырысында жан-жақты талқыланды.

Алдағы 3 жылда Қазақстанның энергетика жүйесінде ауыз толтырып айтарлықтай оң өзгерістер күтіліп отыр. Себебі ұлттық жоба шеңберінде ширақ атқарылуы тиіс шаруа көп. Маңыздыларын тізе кетсем, 2029 жылға қарай 70 коммуналдық кәсіпорынды тәуекелі жоғары дағдарыстық аймақтан шығару жоспарланып отыр. Тұрақты инфрақұрылымы бар кәсіпорындардың үлесі шамамен үштен екісін құрауға тиіс. Биылдың өзінде Ұлттық жоба аясында шамамен 2 500 МВт қуатты іске қосу жоспарланып отыр.

Ерлан Ақкенженов, ҚР Энергетика министрі:

- 2026 жылы Ұлттық жоба шеңберінде шамамен 2418 мегават қуатты іске қосу жоспарланып жатыр. 2027 жылы шамамен 825 мегават жаңа қуатты іске қосу жоспарланып отыр. Оның ішінде Жамбылда жалпы қуаты 210 мегават болатын 5 газ турбиналы қондырғыны және МАЭК ЖШС қуаты 160 мегават болатын газ қондырғысын іске қосу жоспарланып жатыр.

Мұнымен қоса, жыл соңына дейін Қызылорда облысында қуаты 240 МВт бу-газ қондырғысы ел игіліне беріледі. Осылайша, жыл соңына дейін 2000 аса МВт іске қосылмақ. Өңірлерді сенімді әрі қауіпсіз жылумен және электрмен жабдықтауды да күн тәртібінен түспеген. Қараша қыста қалтырап қалмас үшін жауаптылар қамданып жатырмыз деп сендіріп отыр. Аудан, ауыл өңірлердегі тозығы жеткен коммуналдық желілерден құтылатын күн де алыс емес. Алдағы үш жылда көрсеткшті 40%-ға дейін төмендету жоспарланыпты. 

Асан Дарбаев, ҚР Ұлттық экономика вице-министрі:

- 2025-2029 жылдары инвестициялардың жалпы көлемі 13 трлн теңгені, оның ішінде коммуналдық секторға – 6,8 трлн теңгені және энергетика секторына – 6,2 трлн теңгені құрайды. Бұл қаражат 84 мың шақырым желіні жөндеуді және жаңғыртуды, 7 309 мегаватт қуатты іске қосуды, 27 энергия өндіру нысанын салуды және реконструкциялауды қамтамасыз етеді. Нәтижесінде желілік инфрақұрылымның тозуы ел бойынша орташа есеппен 40%-ға дейін қысқарады деп күтілуде. Нысандардағы апаттылық деңгейі 25%-ға дейін қысқарады. 

Қазақстанда жыл соңына дейін Smart Turmys бірыңғай коммуналдық қызметтер платформасы іске қосылады. Алғашында пилоттық режимде жұмыс жасамақ. Сандық қосымша абоненттердің бірыңғай тізілімін қалыптастырады. Қарапайым тілмен айтсақ, сіз-біз ай сайын төлеп жүрген коммуналдық төлемдердің есепке алуын цифрландыруға, шығындарды  бақылап, ашықтықты қамтамасыз етуге мүмкіндік жасайды.

Авторлары: Кәмшат Мұхамеджан, Ержан Қанапияұлы