Аптап ыстықтан зардап шеккендер көбейді 

Қостанайда аптап ыстық салдарынан зардап шеккендер көбейді. Соңғы күндері ауа температурасы оңтүстік аудандарда 38-40 градустан төмен түспей тұр. 

Синоптиктердің болжамынша, мұндай ауа райы апта соңына дейін сақталады. Жаз басталғалы жедел медициналық көмекке 44 мыңнан астам адам жүгінген. Науқастардың басым бөлігі жүрек-қан тамыры жүйесі ауруларына шалдыққан адамдар.

Ксения Жылқыбаева, облыстық жедел жәрдем станциясы мен санитарлық авиацияның  баспасөз хатшысы:

- Аптап ыстықтан зардап шеккендер саны шамамен 50 пайызға өсті. Өткен жылдың осы кезеңінде мұндай 65 жағдай тіркелсе, биыл күн өтіп, дәрігерлік көмекке жүгінгендердің саны 100-ге жуықтады. Ыстық ауа райы әсіресе созылмалы және жүрек-қан тамырлары ауруларына шалдыққан егде жастағы азаматтар үшін қауіпті. Сондықтан мұндай кезде барынша сақ болған жөн. Қуантарлығы, аймақта ауа температурасының жоғарылауына байланысты өлім-жітім жағдайлары тіркелген жоқ.