Шымкентте қалдықтан қуат өндіретін кешен құрылысы басталды
Шымкентте қалдықтарды термиялық жолмен кәдеге жаратып, қуат көзін өндіретін заманауи кешеннің құрылысы басталды.
Экологиялық ахуалды жақсартуға бағытталған инвестициялық жоба «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында жүзеге асырылды. Іс-шараға қала әкімі Ғабит Сыздықбеков, қытайлық инвесторлар және экобелсенділер қатысты.
Жаңа кешен Ақтас-1 шағын ауданындағы қоқыс полигонының аумағынан бой көтереді. Алаңда арнайы капсула қою рәсімі өткізіліп, құрылыс кезеңдері таныстырылды. Ауқымды жобаға жалпы құны 54 миллиард теңге инвестиция тартылды.
Ғабит Сыздықбеков, қала әкімі:
- Осы жерге дейін қарап, бәрін жан-жақты зерттеп, зерделеп үлкен жұмыс атқарылды. Соның нәтижесі ретінеде бүгінгі үлкен іс-шараға куә болып отырмыз. Мемлекет басшымыз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың тікелей тапсырмасымен жүзеге асырылып жатқан жоба.
Жоспар бойынша жоба құрылысы 2 жылға созылады. Нәтижесінде тәулігіне 1000 тоннаға дейін қоқыс өңделіп, одан сағатына 24 мегаватт электр энергиясын өндіруге мүмкіндік туады. Сонымен қатар, термиялық өңдеуден қалған күл құрылыс материалдарын дайындауға пайдаланылады.
Мұрат Әбдірахманов, қалалық жайлы ортаны дамыту басқармасы басшысының орынбасары:
- Еуропалық барлық талаптарға сай келетін жоба. Қазіргі таңда жобаны толығымен Қытай компаниясы жобалап, Қазақстан Республикасының заңдылықтарына келтіріп, толығымен экологиялық сараптамадан өтті.
Өңірде тұрмыстық қалдық көлемі жыл санап артып барады. Сондықтан жаңа кешен полигонға түсетін салмақты азайтып, қоршаған ортаны қорғауға және қайта өңдеу саласын дамытуға айтарлықтай үлес қоспақ.
Ян Хайшэн, «Shaanxi Construction» компаниясының төрағасы:
- Қазақстан-Қатайдың жан-жақты стратегиялық серіктесі. Жаһандық «жасыл» даму бағытында белсенді мемлекет. Елде іскерлік орта жетілдірілген. Жалпы біздің бұл салада мол тәжірибеміз бар.
Кешеннің құрылысын 2028 жылы аяқтап, іске қосу жоспарланған. Нәтижесінде жаңадан 80 тұрақты жұмыс орны ашылады. «Сонымен қатар бұл өңірдің экологиялық ахуалын жақсартуға мүмкіндік береді», – дейді мамандар.
Авторлары: Нұрсұлтан Мұхамеджан, Нұрмахан Бекмұратов