Оралда төтенше жағдай жарияланды

фото: Орал қаласының әкімдігі

Орал қаласының аумағында жергілікті ауқымдағы табиғи сипаттағы төтенше жағдай жарияланды, деп хабарлайды «24KZ».

Бұдан бұрын хабарланғанындай, ауа температурасының қалыптан тыс жоғары болуына байланысты Зачаган кентінен шамамен 15 шақырым жерде орналасқан қатты тұрмыстық қалдықтар полигонының аумағында өрт шыққан еді.

Өрттің жалпы аумағы — 12 гектар. Орал қаласы әкімдігінен мәлім еткеніндей, өрт туралы хабар түскен сәттен бастап «тілсіз жауды» оқшаулау және сөндіру жұмыстары дереу ұйымдастырылды. Өрт ошақтарына үздіксіз су беріліп, сөндірілген аумақтар топырақпен жабылыпп жатыр.

Өртті толық сөндіру үшін қазіргі уақытта оқиға орнында 34 арнайы техника жұмылдырылды.

Қалыптасқан жағдайға байланысты Орал қаласының аумағында жергілікті ауқымдағы табиғи сипаттағы төтенше жағдай жарияланды. 

Төтенше жағдайды жою жөніндегі іс-шараларды басқару Орал қаласы әкімінің орынбасары Жандос Дүйсенғалиевке жүктелді. 

Жағдай тұрақты бақылауда. Өртті толық сөндіру және түтіннің таралуын барынша азайту үшін барлық қажетті шаралар қабылданып жатыр, — деп хабарлады Орал қаласының әкімдігінен. 

«24KZ» Telegram-арнасына жазылыңыз