Қонаевтағы казинолар бюджетке миллиардтаған кіріс әкелді: Алматы маңында жаңа ойын аймағы ашылуы мүмкін
Алматы облысындағы ойын бизнесі ел бюджетіне миллиардтаған салық түсімін қамтамасыз етіп отыр. Осы бағыттағы табысты көрсеткіштерді ескерген билік өкілдері Талғар ауданында тек шетелдік туристерге арналған жаңа ойын аймағын құру мәселесін қарастырып жатыр, деп хабарлайды «24KZ».
Алматы облысы әкімдігінің деректеріне сәйкес, 2026 жылдың алғашқы алты айында заңды ойын бизнесі субъектілері мемлекеттік бюджетке 25 миллиард теңге көлемінде салық аударған. Оның ішінде 10,6 миллиард теңге өңірлік бюджетке түскен.
Жалпы соңғы 2,5 жыл ішінде бұл сала бюджетке 184,7 миллиард теңге салық түсімін қамтамасыз етті. Оның 53,8 миллиард теңгесі тікелей Алматы облысының қазынасына бағытталды.
Қазіргі таңда Қонаев қаласында 21 ойын бизнесі объектісі жұмыс істейді. Олардың қатарында 5 казино, 13 букмекерлік кеңсе және ойын автоматтарының залы бар.
Бұл салада шамамен 2,5 мың адам тұрақты жұмыспен қамтылған.
Туризм басқармасының мәліметінше, казиноға келушілердің шамамен 20 пайызын шетелдіктер құрайды. Шетелдік қонақтар тек ойын ойнаумен шектелмей, қонақүйлерге орналасып, мейрамханаларға барады, көлік және өзге де қызмет түрлерін пайдаланады. Бұл өз кезегінде шағын және орта бизнестің дамуына серпін беріп, жергілікті экономиканың кірісін арттыруға мүмкіндік береді.
Қолданыстағы ойын аймағының сәтті жұмысына байланысты билік Талғар ауданында тек шетелдік азаматтарға арналған жаңа ойын аймағын ашуды жоспарлап отыр. Бұл бастамаға қоғамдық кеңес тарапынан оң қорытынды берілді.
Шенеуніктердің пікірінше, жаңа ойын аймағы қосымша инвестициялар тартып, жаңа жұмыс орындарын ашуға, сондай-ақ қонақүй бизнесі, сауда, көлік және қызмет көрсету салаларының қарқын алуына қуатты импульс береді.
Еске салайық, наурыз айында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ойын бизнесі объектілері орналаса алатын аумақтардың тізбесін кеңейтетін заңға қол қойған болатын. Солардың қатарына Алматы облысының Талғар ауданы да енгізілді. Жаңа құжатқа сәйкес, жаңа ойын аймақтарына тек шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдар ғана бара алады .