Ақтөбеде жүк көліктері қозғалысына шектеу қойылды
Ақтөбе облысында жүк көліктерінің қозғалысына шектеу қойылды. Ауыр жүк тиеген жүргізушілер таңғы 11-ден 21:00-ге дейін республикалық маңызы бар жолдарға шықпауы тиіс.
Себебі асфальт аптап ыстықта ауыр салмақты көтермей, ойылып қалуы мүмкін. Заң талабына сай әрбір білікке түсетін жүктеме 8 тоннадан аспау қажет. Көліктік бақылау инспекциясының мамандары соңғы бір ай шамасында рұқсат етілген шамадан артық жүк тиеген 17 жүргізушіні анықтады. Сонымен қатар температуралық режим талабын сақтамағаны үшін 22 автокөлік күндізгі уақытта тұраққа қойылды.
Әлихан Лұқпанов, облыстық Көліктік бақылау инспекциясының бөлім басшысы:
- Шектеулер ауа температурасы 25 градустан жоғары болған кезде енгізіледі. Аталған шектеулер халықаралық және жолаушылар тасымалына, сондай ақ тез бұзылатын, қауіпті және гуманиарлық жүктерді тасымалдауға, төтенше жағдайларды жоюға және әскери тасымалдарға тартылған көліктерге қолданылмайды.