Қостанайда есірткі тасымалдаған курьер ұсталды

Фото: depositphotos.com

Қостанай қаласында өңіраралық бағытта әрекет еткен интернет-есірткі дүкенінің 25 жастағы курьері ұсталды. Ол өңірлер арасында ірі көлемдегі есірткі партияларын тасымалдап, кейіннен оларды жасырып таратуға жеткізіп отырған, деп хабарлайды «24KZ».

ҚР Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, қылмыстық әрекетін жасыру мақсатында есірткі заттары вакуумдық қаптамаларға салынып, құрғақ сүт қаптамаларының ішіне мұқият жасырылған. Бұл тәсіл оларды тасымалдау кезінде күдік туғызбауға және анықтауды қиындатуға бағытталған.

Күдіктіні ұстау барысында заңсыз айналымнан жалпы салмағы 1,5 келіден асатын есірткі заттары тәркіленді. Оның ішінде меткатинон психотроптық заты мен кептірілген марихуана болған. Сараптамалық есеп бойынша тәркіленген есірткі көлемі 10 мыңнан астам бір реттік дозаға тең, осылайша олардың ықтимал тұтынушыларға жетуіне жол берілмеді.

Қазіргі уақытта полиция қызметкерлері қылмыстық схеманы ұйымдастырушыларды, есірткі жеткізу арналары мен интернет-есірткі дүкенінің жұмысына қатысы бар өзге де тұлғаларды анықтау жұмыстарын жүргізіліп жатыр.

Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі интернет-есірткі дүкендерінің қызметіне кез келген деңгейде қатысу – ұйымдастырушы, оператор, «жасырын орынға қалдырушы» немесе курьер болсын – ауыр қылмыс екенін және заңнамаға сәйкес өмір бойына бас бостандығынан айыруға дейінгі қылмыстық жауаптылыққа әкеп соғатынын еске салады.

«24KZ» Telegram-арнасына жазылыңыз