Алакөл жағалауында қауіпсіздік күшейді

Туристік маусым басталғалы Алакөл жағалауында 132 бала, ата-анасынан адасып қалған. 

Жағажайдағы қауіпсіздікке жауапты қызметкерлер жедел іздестіріп, барлығын да аман-есен ата-анасына табыстаған. Айнала орнатылған бейнекамералардың да көмегі көп. Жалпы демалыс аймағында қауіпсіздік шаралары күшейтілді. Полиция мен төтенше жағдай қызметі жиі рейд өткізеді. Айта кетейік, жергілікті полицияға, демалушылардан, ай сайын 170-180 шақырту түседі екен. 

Рүстем Қайратұлы, тілші:

- Полиция қызметкерлері тәулік бойы Алакөл жағалауындағы Арбат аумағында қоғамдық тәртіп пен тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін кезекшілік атқарып жатыр. Заманауи электросамокаттар мен электрокөліктер тәртіп сақшыларының қызметін едәуір жеңілдетіп, қажетті орындарға жедел жетуге мүмкіндік береді. 

Алакөл жағалауында қоғамдық тәртіпті бұзудың мыңнан астам дерегі тіркеліп, заң аясында тиісті шара қолданылды. Қауіпсіздікті күшейту мақсатында жағалау аумағында 223 бейнебақылау камерасы орнатылды. Оның 31-іне жасанды интеллект элементтері енгізілген. Ақылды жүйе заң бұзғандар мен ып кеткендерді тез табуға көмектеседі. Адам аяғы көп жерде балалардың жоғалуы жиі болады. 

Ербол Нұрғалиев, Мақаншы аудандық полиция бөлімі қоғамдық қауіпсіздік бөлімшесінің бастығы:

- Күнделікті бір қызметкер бөлінеді әр қайыққа. Екі қайықпен осы Алакөл жағалауында қызмет атқарады. Жүзіп жүрген азаматтарға түсіндірме жұмыстарын жүргізіп, белгіленген жерден аспаудың барлығын түсіндіріп, ішімдік ішкен күйде суға кірмеуді түсіндіріп, құқықбұзушылықтың алдын алу жұмыстарын жатыр.

Көл жағалауында полициямен қатар, төтенше жағдайлар қызметі, медицина қызметкерлері мен құтқарушылар кезекшілік атқарады. Тәртіп сақшылары демалушыларға қауіпсіздік ережелерін түсіндіреді. Судағы және қоғамдық орындардағы тәртіпті бақылап отырады. Сондай-ақ жол қозғалысы жіті назарда.

Лунара Мұқанова, облысық ПД ақпараттық саясат бөлімінің аға инспекторы:

- Алакөл жағалауында жазғы маусым кезінде 60-қа жуық тәртіп сақшысы тәулік бойы қызмет атқарады. Негізгі мақсат – демалушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, қажет болған жағдайда көмек көрсету. Ең жиі кездесетін құқық бұзушылықтар қоғамдық тәртіпті бұзу және жол қозғалысы қағидаларын сақтамауға қатысты. Сондықтан азаматтарды заң талаптарын сақтап, өз қауіпсіздігіне жауапкершілікпен қарауға шақырамыз.

Полицейлер курорттық маусым аяқталғанға дейін күшейтілген режиммен жұмыс істейді. Тұрғындар мен туристерді жеке қауіпсіздік талаптарын сақтауға, балаларды қараусыз қалдырмауға және қоғамдық тәртіпті бұзбауға шақырады. Олардың айтуынша, қауіпсіз демалыс әр азаматтың жауапкершілігінен басталады.

Авторлары: Рүстем Қайратұлы, Мәди Базарбеков Абай облысынан