Батыстағы диқандар рекордты көлемде астық жинады

Батыс қазақстандық диқандардың биыл қамбасы толып, көңілі тоқ.

Орақ түскен 53 мың гектар алқаптан 170 мың тонна астық жиналды.  Облыс бойынша орташа түсім гектарынан 32 центнер. Ал Бәйтерек ауданында жуырда жаңа рекорд тіркелді.

Рекордтық көлемде өнім жиналып жатыр

Ерденбек Жылқайдарұлы тілші:

- Орал өңірінде биыл қыстағы мол ылғал мен жаздағы жауын-шашын жоғары өнімге негіз қалады. Облыстағы егін өнімділігі орташа есеппен алғанда дәл қазір гектарына  32 центнерден келуде. Ал қолайлы ауа-райын жоғары агротехнологиялармен астастырған кей шаруашылықтар гектарынан тіпті 90-100 центнерден өнім алуда. Біз  қазір сондай алқаптардың біріндеміз. 

Механизатор Арман Балқыбаевтың комбайн тізгіндегеніне 10 жылға жуықтаған. Биыл су жаңа дала кемесіне отырды. Шетелдік техника озық цифрлық электроникамен және интеллектуалды жүйемен жабдықталған. Тіпті рульді де ұстап керек емес. Егін түсімі де, бункердің толғаны да экраннан көрініп тұрады. Алқаптың ортасына ойысқанда егін өнімділігі гектарына 90 центнерге жетті.

Арман Балқыбаев, механизатор: 

- Ең көп болғаны біздің алқаптарда 2023-те қателеспесем 50-52-ге шейін берді, 50-60-қа дейін. Қазір ең көбі 100-ге шейін беріп жатыр. 

Дәл мұндай рекордтық көрсеткіш Орал өңірінде бұрын-соңды болмаған. Біздің көзімізше күздік бидайдың гектарынан 90 центнер астық жиналды. Жарты шақырымға жетпей, 7 жарым тонналық бункердің бүйірі шықты. Мұндай жетістік сыры тек қана ауа райында емес, цифрлық технологиялар мен тыңайтқыштар қолдануда дейді серіктестік басшысы Армат Бисенов.

Армат Бисенов, диқан: 

- Керемет ауа райы, жаңбыр көп болды. Сосын температура төмендеу болды. Сол нормадан «где то» үш градус төмен болды түгел мына жыл бойынша. Мына қыстан бастап көктемнен бастап осылай келе жатыр да. Аномальды ыстық болмады. Жаңағы енді соңғы үш-төрт күн ғой болып жатқан. Екіншісі енді команда, технология, қазір цифровизация бізде бәрі де.  Қандай химия, қай уақытта алған, қаншама істеген нормасын шығарып береді өзі. Қай жерде өткен, GPS-трекер әрбір комбайнда, әрбір «опрыскиватель», әрбір тракторда. 

Биыл өңірде егіс көлемі 676 мың гектар болса, соның 176 мың гектары  майлы, 215 мың гектары мал азығы дақылдары.   4 мың гектарына картоп пен көкөніс салынған. 187 мың гектарға жазғы, 94 мың гектарға  күздік бидай егілген. Дәл қазір өңір диқандары осы күздік дақылдардың 53 мың гектары, яғни жартысынан астамына орақ салып, 170 мың тонна астықты қамбаға құйыпты.

Берік Ситқазиев, БҚО Ауылшаруашылық басқармасы басшысының орынбасары:

- Былтырғы көлеммен қарағанда елу мың гектарға артық егілді. Қазір бірқатар бағдарлама бар, несиелеу, жеңілдетілген несие бар, лизинг бар қарастырған. Қазіргі таңда «Қазагроқаржымен» 13 миллиардтың ішінде техника шаруа қожалықтары алды. Биыл одан да көп болатын деп есептеймін.  Одан бөлек уақытында, тыңайтқышты уақытында, жаңа техниканы пайдалану, соған байланысты цифровизация әсіресе өзінің көмегін беріп жатыр. 

Орал өңірінде көктемгі тұқым себу мен егін жинау жұмыстарын қаржыландыруға 23 млрд теңге бөлінді. Ал күзгі далалық жұмыстарға 11,2 мың тонна арзандатылған дизель отыны қаралған.

Е. Жылқайдарұлы, Б. Жарылғасов, Э. Аюпов