Жаңақорғанда құс фабрикасы іске қосылады

Қызылорда облысында жоғары технологиялық жаңа құс фабрикасы іске қосылады. 

Жаңақорған ауданында орналасқан кәсіпорын жыл сайын 5 мың тоннадан астам құс етін өндіреді. Жоба өңірдің импортқа тәуелділігін азайтып қана қоймай, жүзден астам жергілікті тұрғынды жұмыспен қамтиды.

Мың гектар аумақты алып жатқан кәсіпорын германиялық технологиямен жабдықталған. Инвестициялық жобаның құны 5 жарым милиард теңгеден асады. Өндіріске қажетті инженерлік инфрақұрылым толық тартылған. Фабрика ішкі нарықты диеталық құс етімен қамтамасыз етіп, жергілікті тұрғындарды жұмыспен қамтуға жол ашады.

Әбілхан Тәжімбетов, құс фабрикасының директоры:

- Ет бағытындағы құс фабрикасы айына 400 тоннаға жуық ет өндіреді. Қазір екінші кезектің құрылысы басталып жатыр. Құрылыс жұмыстарына қатысты құжаттар рәсімделіп, қажетті рұқсат қағаздарын алдық. Қазіргі таңда балапандарды Тараз қаласынан әкеліп, өсіріп жатырмыз. Болашақта өз инкубаторымызды іске қосып, балапандарды өзіміз шығаруды жоспарлап отырмыз.

Кәсіпорынның негізгі өндірістік нысандары толық пайдалануға берілген. Соятын желі, инкубациялық бөлім және 12 өндірістік ғимаратқа қажетті құрал-жабдық орнатылған. Қазір фабрикада 160 мың балапан өсіріліп жатыр. Оларды күтіп-баптау жұмыстары толық автоматтандырылған.

Тұрсын Мағауия, ветеринарлық санитар:

- Негізі, бройлер өндірісіне артық жұмыс күші қажет емес. Барлығы автоматтандырылған жүйе арқылы жүзеге асырылады. Біз сырттағы датчиктер мен компьютерлер арқылы барлық процесті өз бақылауымызда ұстаймыз. Судан бастап, берілетін жемге дейінгі барлық жүйе, яғни вентиляция, температура, ішкі ауа ылғалдылығы – барлығы компьютерлік жүйеге арнайы орнатылған бағдарлама арқылы басқарылады. Бұл – өте маңызды. Өйткені балапандардың алғашқы келген сәтінен бастап, сойылымға жіберілгенге дейінгі барлық кезеңдегі талаптар қатаң бақылауда ұсталады.

Кәсіпорын өнімдері сауда сөрелеріне жаздың соңына қарай шығарылады. Жаңа құс фабрикасының іске қосылуы Жаңақорған ауданының экономикасын дамытуға серпін бермек. 

Авторлары: Асланбек Шығыр, Райхан Тәжібаева, Ақан Әлиев.