Әлеуметтік қызметтерді алу жеңілдеді

Елде мемлекеттік қызметтердің басым бөлігі цифрландырылып, әлеуметтік қолдау сапасына, әсіресе медицина-әлеуметтік сараптама саласына қойылар талап күшейді.

Мәселен, биыл алғашқы жартыжылдықта сала бойынша азаматтарға 130 мыңнан астам мемлекеттік қызмет көрсетілді. Мүгедектікті сырттай проактивті форматта белгілеу жүйесі де оңтайлан-дырылған. Яғни тиісті медициналық мәліметтер мемлекеттік ақпараттық жүйелерде болған жағдайда азамат медицина-әлеуметтік сараптама бөлімшесіне бармай-ақ куәландырудан өте алады. Сондай-ақ мүмкіндігі шектеулі азаматтарға және асыраушысынан айырылған тұрғындарға берілетін жәрдемақы мерзімін автоматты түрде ұзарту үрдісі де біртіндеп жолға қойылды. Ал арнаулы әлеуметтік қызметтердің сапасын арттыру мақсатында 600-ден астам ұйымға лицензия берілді. Олар 104 мыңнан аса азаматқа қызмет көрсетіп келеді.

Әнел Шенеева, Зейнетақы және әлеуметтік қамсыздандыру басқармасының басшысы:

- Негізгі бағыттардың бірі – медициналық-әлеуметтік сараптама. Бүгінде Қазақстанда 756 мыңнан астам мүгедектігі бар адамдар тұрады. Алты ай ішінде осы салада 130 мыңнан астам мемлекеттік қызмет көрсетілді. Мүгедектігі бар адамдар үшін қолжетімді орта қалыптастыруға ерекше көңіл бөлініп отыр. Мемлекеттік әлеуметтік қорғау инспекторлары 542 нысанға тексеру жүргізіп, оның нәтижесінде анықталған бұзушылықтарды жою туралы 334 нұсқама берілді.