Құрылтай сайлауына үгіт-насихат жұмыстары қыза түсті
Құрылтай сайлауына үгіт-насихат жұмыстары қыза түсті. Жеті партияның өкілдері өңірлерді аралап, жұртшылықпен кездесу өткізіп жатыр.
Олар қарапайым тұрғындармен қатар еңбек ұжымдарымен жолығып, сайлауалды бағдарламаларын таныстырды. Сондай-ақ азаматтарды толғандырған мәселелерге назар аударды.
«Әділет» партиясының өкілдері кеншілермен кездесті
«Әділет» партиясының төрағасы Айбек Дәдебай депутаттықа кандидаттармен бірге Костенко атындағы шахтаға барып, кеншілермен кездесті. Онда еңбек қауіпсіздігі, кәсіпорындарды цифрлық жаңғырту, инженерлік кадрлар даярлау, қызметкерлердің әлеуметтік кепілдіктері мен отандық өнеркәсіпті дамыту мәселелері сөз болды. «Мұндағы мақсат, сайлауалды бағдарламаны таныстыру ғана емес. Кеншілердің ауыр жұмысын көрсету», - деді партия төрағасы. Сондай-ақ олардың сұрақтары мен ұсыныстарын назарға алу. Костенко атындағы шахтаның желдету және қауіпсіздік техникасы учаскесі бастығының орынбасары Жұлдызбек Қойшыбай кәсіпорынның өндірістік қуаты біртіндеп артып келе жатқанын айтты. Партияның өңірлерге сапары алдағы уақытта да жалғасады.
Айбек Дәдебай, «Әділет» партиясының төрағасы:
- Мемлекет басшысы «Qarmet»-ке үлкен қолдау білдіріп отыр. Оны өздеріңіз жақсы білесіздер. Соның арқасында кәсіпорын отандық инвесторға өтті. Мұндай жұмыс өзге өңірлердегі ірі кәсіпорындарда да жалғасып жатыр. Оның барлығы адамдардың болашағы үшін жасалып жатыр.
Respublica партиясының өкілдері еңбек ұжымдарымен кездесті
Respublica партиясының өңірлердегі үгіт-насихат жұмыстары жалғасып жатыр. Ұлытау облысында кәсіпкерлікті дамыту мәселелерін талқылады. Саяси ұйым мүшелері Жезқазған, Сәтбаев қалалары мен Кеңгір ауылындағы бірқатар кәсіпорында болып, еңбек ұжымдарымен кездесті. Жаңадан құрылған облыста шағын кәсіпкерліктің үлесін арттыру, өңіраралық жүк тасымалын жандандыру жайы сөз болды. Облыс орталығындағы тігін фабрикасында өткен басқосуда жұмысшылар бірқатар әлеуметтік мәселелерді көтерді.
Бекжан Айтқұлов, Respublica партиясынан Құрылтай депутаттығына кандидат:
– Көптеген мәселе көтеріліп жатыр. Бірінші, кәсіпорын деңгейінде айтатын болсақ, бұл – инфрақұрылымның қолжетімділігі мен тұрақты өткізу нарығы мәселесі. Кездескен жұмысшыларды әлеуметтік мәселелер толғандырып отыр. Өздеріңіз естіп жатырсыздар, мұнда инфрақұрылым мәселесі, жол мәселесі айтылды. Сонымен қатар көлік мәселесі де көтерілді.
ҚХП «Мемориалдық аймақ» өкілдерімен кездесті
Қазақстан Халық партиясы Астанада «Мемориалдық аймақ» қоғамдық бірлестігінің өкілдерімен кездесті. Аталмыш ұйым Ұлы Отан соғысы жылдарында хабар-ошарсыз кеткен қазақстандық майдангерлерді іздеумен айналысады. Шарада осы жұмыстың негізгі қорытындылары таныстырылды. Арнайы жасақ жыл сайын Санкт-Петербург маңында қазба жұмыстарын өткізеді. Осы уақытқа дейін хабарсыз кеткен 3 мыңнан астам жауынгердің жеке басын анықтап, өмірбаянын қалыпқа келтірді. Олардың қатарында Қазақстаннан майданға шақырылған азаматтар да бар. Белсенділер архив құжаттарын зерттеуге де қолдау көрсетіп жүр.
Ләззат Сүлеймен, Қазақстан Халық партиясынан Құрылтай депутаттығына кандидат:
- Екінші дүниежүзілік соғыс – біздің тарихымыз. Халқымыз үшін ата-бабаларын табу, құран оқу, құрмет көрсету ата салтымыз болып табылады. Бұл ұйым адамдарға үлкен көмек көрсетіп отыр.
«Ақ жол» партиясының кандидаттары еңбек ұжымымен кездесті
«Ақ жол» партиясының орталық штабы Қарағандыдағы Сарыарқа арнайы экономикалық аймағын аралады. Сонымен қатар ірі кәсіпорындардың жұмысымен танысып, еңбек ұжымымен кездесті. Алдымен, отқа төзімді материалдар шығаратын зауыт қызметкерлерімен пікір алмасты. Қатысушылар өндірістік кәсіпорындардың жұмысы, өнеркәсіптің әлеуеттін арттыру, білікті кадр даярлау және отандық өндірушілердің бәсекеге қабілеттілігін одан әрі нығайту секілді өзекті мәселелерді талқылады. Партия өкілдері өздерінің сайлауалды бағдарламасын таныстырып, басым бағыттарға тоқталды. Содан кейін жылу оқшауланған құбырлар шығаратын зауытқа барып, еңбеккерлердің сұрақтарына жауап берді.
Ермек Әбілдин, «Ақ жол» партиясынан Құрылтай депутаттығына кандидат:
- Кәсіпорындар – экономикамыздың негізгі бөлшегі. Кәсіпкерлер – экономиканың қозғаушы күші, ал кәсіпорындар – басты салық төлеушілер. Сондықтан шағын және орта бизнесті де, ірі кәсіпорындарды да қолдау қажет. Сол мақсатпен арнайы келіп отырмыз.
«Ауыл» партиясының өкілдері өңір тұрғындарымен кездесті
Сыр өңірінде «Ауыл» партиясының ұйымдастыруымен велошеру өтті. Бұқаралық спортты насихаттауға бағытталған шараға белсенді қала тұрғындары, жастар бас-аяғы 100-ге жуық адам қатысты.
Ал Ақмола өңірінде штаб өкілдері халықпен кездесу өткізді. Оның алғашқысы елдің агроөнеркәсіптік кешеніне арналған заманауи ауыл шаруашылығы техникасы мен жабдықтарын жеткізетін жетекші компанияда өтті. Серіктестік 25 жылдан бері отандық ауылшаруашылық тауарын өндірушілерді озық технологиялармен қамтамасыз етіп келеді. Партия төрағасы өңір тұрғындарын сайлауалды бағдарламамен таныстырып, халықты толғандырған сұрақтарға жауап берді. Партия өкілдері Біржан сал ауданына қарасты Үлгі ауылының тұрғындарымен де кездесті.
Қайрат Айтуғанов, «Ауыл» партиясының төрағасы:
- Шалғай аудандарда көптеген мәселе көтеріліп жатыр. Оның ішінде жол мәселесі, интернет мәселесі, су мәселесі бар. Халық осындай мәселелерді айтып жатыр. Бірінші кезекте көтерілетін үлкен мәселе – жұмыс орны.
«Байтақ» партиясы «Жасыл LRT желісі» акциясын өткізді
«Байтақ» партиясы «Жасыл LRT желісі» акциясын өткізді. Бұл – экологиялық таза көлік бағытын қолдау шарасы. Партияның Астана қалалық филиалының төрағасы әрі Құрылтай депутаттығына кандидат Нариман Баубек бастаған топ «Бәйтерек» станциясы маңында қала тұрғындарымен жүздесті. Онда тұрғындарға партияның сайлауалды бағдарламасындағы басым бағыттар жайлы айтылды. Ұйымдастырушылардың пайымынша, мұндай көлік түрі экологиялық ахуалы нашар аймақтар үшін маңызды.
Нариман Баубек, «Байтақ» жасылдар партиясынан Құрылтай депутаттығына кандидат:
- Біз үйреншікті қалыптан шығып, жаңа форматты байқап көргіміз келді. Сол үшін де LRT-ны таңдап, қоғамдық көліктің осы түрін қолдауды жөн көрдік. Бұл Астана үшін жаңа транспорт. Жылдам әрі экологиялық таза көлік. Яғни қаладағы экологиялық жүктемені азайтуға мүмкіндік береді. Қоршаған ортаға тастайтын көміртек ізі де өте төмен. Сонысымен де құнды.
ЖСДП денсаулық және білім саласы мәселелерін талқылады
Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясының батысқазақстандық өкілдері баласы қант диабеті және целиакия ауруына шалдыққан ата-аналармен кездесті. Құрылтай депутаттығына кандидат Анаргүл Әбенова сырқат бала өсіріп отырған отбасылардың мұң-мұқтажына назар аударды. Олардың арыз-шағымы мен ұсыныстарын тыңдады.
Ал Астанада Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясы «Заманауи білім беру жүйесінің өзекті мәселелері» атты конференция өткізді. Іс-шараның мақсаты білім саласында қордаланған түйткілдерді талқылап, оқыту сапасын арттыру.
Наурыз Сайлаубай, Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясы атынан Құрылтай депутаттығына кандидат:
- Әлеуметтік мемлекет болғандықтан, қазіргі таңда инклюзия саласында балаларға білім беру жүйесін дамыту керек. Ерекше балалардың құқығын қорғау, оларға тең дәрежеде білім беру өте маңызды.