Үкіметте балалар қауіпсіздігі және инклюзивті білім беруді дамыту мәселесі қаралды

Кеңеске Премьер-министрдің орынбасары - Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева төрағалық етті. Жиында балалардың жазғы демалысын ұйымдастыру мәселесі қаралды.

Бүгінде сауықтыру шараларымен 3 млн 363 мың бала қамтылған. Ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларға айрықша көңіл бөлініп отыр. Қазіргі таңда осы санаттағы 72,8 мың бала жазғы демалыс пен сауықтыру шараларына тартылған. Сонымен қатар жұмыс істеп тұрған 174 балаларды сауықтыру орталығының 104-і лицензия алған. Лицензиялау жұмысын толық аяқтаған өңірлер саны – 7 облыс, сондай-ақ Шымкент және Алматы қалалары. Жоспарлы шаруаны ойдағыдай атқармаған өңірлер де бар. Жүргізілген тексерулер барысында бірқатар орталықтарда санитарлық талаптардың сақталмағаны анықталды. Кеңесте балалардың су айдындарындағы қауіпсіздігіне, өрт қауіпсіздігі талаптарына және демалыс орындарындағы тәртіпке ерекше мән берілді. Отырыстағы алғашқы мәселені қорытындылаған Аида Балаева қауіпсіздік талаптарының мүлтіксіз сақталуын қатаң бақылауды тапсырды. Тамақтану сапасына, өрт қауіпсіздігіне, сондай-ақ балалардың су айдындары мен демалыс орындарындағы қауіпсіздігіне ерекше назар аудару қажеттігін атап өтті. Сонымен қатар Үкімет басшысының орынбасары балалар мен тәрбиешілер арасында қауіпсіз жүріс-тұрыс қағидаларын сақтау жөніндегі профилактикалық және түсіндіру жұмыстарын күшейту керектігін еске салды. 

Жұлдыз Сүлейменова, ҚР Оқу-ағарту министрі:

- Жоспар бойынша жаз кезінде 3,5 млн баланы жазғы сауықтырумен қамту көзделген. Бүгінгі жағдай бойынша 3 млн 300 мың бала қамтылды. Бұл 90 пайызды құрайды. Ағымдағы жаз мезгілінде 500 мың әлеуметтік осал санаттағы балалар үшін жазғы демалыспен қамту сауықтырумен қамту жоспарлы жүзеге асырылып келеді. 400 мыңы демалыстан өтті. 100 мыңы тамыз айының 15-іне дейін өтетін болады. Жергілікті атқарушы органдар жұмыс істеп жатыр.

Инклюзивті білім беруді дамыту мәселесі де күн тәртібінде қаралды. Бұл бағыттағы кешенді жоспар жобасын оқу-ағарту министрі таныстырды. Құжат 4 бөлімнен, 18 бағыттан және 82 іс-шарадан тұрады. Оны іске асыруға 10 мемлекеттік орган мен жергілікті атқарушы органдар атсалысады. Жоспарда инфрақұрылымды дамытуға ерекше басымдық берілген. Қазіргі таңда елде 539 арнайы ұйым жұмыс істейді. Сонымен қатар 10 мыңға жуық бала психологиялық-медициналық-педагогикалық консультация қорытындысын күтіп жатыр, тағы 16 мың бала түзету және оңалту қызметтеріне кезекте тұр. Бұдан бөлек, мектеп жасындағы 17 мың бала, яғни 12%-ы, үйде білім алады. Кеңес қорытындысында Аида Балаева Оқу-ағарту министрлігі мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп ауқымды дайындық жұмыстарын жүргізгенін атап өтіп, инклюзивті білім беруді дамыту жөніндегі кешенді жоспардың негізгі тәсілдері тұтастай қолдау тапқанын жеткізді.