Ақмолада бес вокзал пайдалануға берілді
Ақмола облысында 5 жолаушылар терминалы қайта жөнделіп, пайдалануға берілді. Ғимараттар заманауи талапқа сай жабдықталған.
Жаңартылған вокзалдар Ерейментау, Жалтыр, Еркіншілік, Үлеңті және Державинск елді мекендерінде орналасқан. Айгүл Қамиева қуанышын жасыра алмай тұр. Өйткені кәсіби мереке қарсаңында жұмыс орны жаңарып, есігін айқара ашты. Ерейментау ауданындағы ұзақ жылдан бері пайдаланып келе жатқан ғимаратқа күрделі жөндеу жүрмеген.
Айгүл Қамиева, жұмысшы:
- Осы вокзалда жұмыс істеп жатқаныма 15 жыл болды. Мына вокзалдың жаңартылғаны барлық жолаушыларға да, қызметкерлерге де өте қуанышты жаңалық. Ескі вокзалмен салыстырғанда жаңа ғимараттың ерекшелігі – өте биік, іші жарық, бөлмелері өте үлкен.
Ғимарат толық жаңартылып, күту залдары, ана мен бала бөлмесі, инженерлік жүйелер мен қызмет көрсету аймақтары қайта жабдықталды. Сонымен қатар мүмкіндігі шектеулі азаматтар кедергісіз қозғалысы үшін толық жағдай жасалған. Аудан басшылығының айтуынша, вокзалдың жаңарғаны жолаушылар тасымалын арттырып, туризмнің дамуына қосымша серпін береді.
Нұрлан Мұқатов, Ақмола облысы Ерейментау ауданының әкімі:
- 1954 жылдан бері алғаш рет күрделі жөндеуден өткен вокзал жаңа стандарттарға сай жаңартылды. Бұл Ерейментаудың дамуына, жалпы туристік саланың өркендеуіне үлкен әсер етеді.
Бұл – Ақмола облысының Еркіншілік ауылындағы вокзал. Бұдан бөлек, облыстағы тағы бірнеше елді мекенде теміржол бекеттері қайта жаңғыртудан кейін ашылды. Мұндай жұмыстар еліміздің өзге өңірлерінде де жалғасып жатыр.
Жәнібек Тайжанов, ҚР Көлік вице-министрі:
- Вокзалдарды кезең-кезеңімен пайдалануға беру жұмыстары жалғасып жатыр. Өткен айда шамамен 30 вокзал тапсырылды. Осы айда тағы 40-қа жуық вокзал, келесі айда да 40-қа дейін вокзал пайдалануға беріледі.
Ақмола облысында биыл барлығы 16 теміржол вокзалын жөндеу жоспарланған. Оның жетеуі бұған дейін пайдалануға берілсе, бүгін тағы бесеуі жолаушыларды қабылдады. Қалған төрт вокзал тамыз айында, ал Көкшетау қаласындағы ғимараттың реконструкциясы қазан айында аяқталады.
Авторлары: Жанар Меңдігерей, Мұрат Арипханов