Маңғыстаудағы су тұшыту зауыты өңірдің бау-бақшасын көбейтті

Маңғыстауда былтыр су тұшытатын зауыт ашылғалы өңір тұрғындары бау-бақша егіп, тал-дарақты көбейтті. 

Климаты құрғақ  Форт-Шевченко елдімекенінің өзі жасыл желекке бөленді. Тіршілік нәрі көшелерге орталық құбыр желісі арқылы берілуде.  Ауыз суды тасып ішу машақатынан құтылған тұрғындар,  үйінің ауласын жаппай көгалдандырып жатыр. 

Мақсат Марқағұлов үйінің   ауласын аз уақытта шағын баққа айналдырды. Бағбан атай көшет екпес бұрын құм-тас аралас жер қабатын қазып алып, орнына тыңайтқышпен байытылған құнарлы топырақ төсеген. Кестеге сәйкес суарудың арқасында анар, құрма, інжір секілді субтропикалық жеміс ағаштары биыл да мол өнім берді.    

Мақсат Марқағұлов, ауыл тұрғыны:

- Былтыр да мына жүзімдер өте көп берді. 120-150 келіге дейін береді әрқайсы. Анар да жақсы береді. 500 грамм, бір келіге жақын өсетін үлкен анарлар бұлар. Кішкентай емес. Бұл жерде бәрі өседі, тек ерінбей еңбектену керек. Сосын шама келсе жастарға, балаларға үйрету керек.

Жанар Ғұмарова тұратын үйдің жан-жағында алма-алмұрт, өрік, шабдалы, жүзім ағашы көп.   Еңбекқор әйел жұбайымен бірге жеміс ағаштары және көкөніс егіп, ерекше күтім жасап отыр. Тамшылатып суару жүйесін орнатып қойған.     

Жанна Ғұмарова, ауыл тұрғыны:

- Үш жылдан бері оларды баптап, өсіріп келе жатырмыз. Өзіміз де жемісін жеп, қызығын көріп отырмыз. Көрші-көлем, тумаластарымызға да беріп. Сатып та жатырмыз, пайдасын көріп. Құнарлы, тұщы суымыз бар. Соның арқасында осылай жасыл желек болып өсіп тұрғаны.

Форт-Шевченкода тұшыту зауыты 11 ай бұрын іске қосылды. Кәсіпорын Каспий суын тұщыту арқылы тәулігіне 5 мың текше метр тіршілік нәрін өндіреді. Қазір күніне 2,5 мың текше метр теңіз суын өңдеп, Аташ және Баутин ауылының да сұранысын өтейді. Зауытта 24 адам еңбек етеді. Барлығы жергілікті тұрғын. 

Байбол Күзембаев, тұшыту зауытының бас механигі:

- Суымыз өте сапалы. Себебі мұнда перманганат шығады өте таза. Оның үстіне біздер қоспа суымен минерализация жасаймыз. Қазір бізде артезиан суы да бар. Содан 10 процент қосамыз. Сапалы суды қазір халыққа беріп отырмыз түгелімен.  

Талғат Исламұлы, тілші:

- Зауыттың су қоры Баутин және Форт-Шевченко елдімекендерін 3 күн бойы тіршілік нәрімен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Кәсіпорын аумағында 6 резервуар орналасқан. Әрқайсына 800 текше метр таза су сақтауға болады.

Қызметі толық автоматтандырылған зауытта жұмыс екі ауысыммен жалғасады. Айта кетсек, 8 мыңнан астам халық қоныстанған Форт-Шевченкода ауыз су мәселесі толық шешімін тапқан.

Талғат Исламұлы, Ренат Досалиев, Саламат Бекбаев