Атырауда ауылшаруашылық өнімдері арзандады
Жаздың соңы жеміс пісіп, жергілікті өнім саудаға шыға бастады. Соның арқасында Атырауда бау-бақша мен көкөніс өнімдері арзандады.
Жиын-терім науқаны басталғалы қала іргесіндегі шағын шаруашылықтардан 4 мың тоннаға жуық өнім жиналып, тұтынушыға жеткізілді.
Қымбатшылықтың алдын алу мақсатында шілде айынан бастап қала базарларында шаруаларға арналған 136 сауда нүктесі ашылған еді. Бүгінде олардың өнімі базардағы бағадан 15-20 пайызға арзан сатылып жатыр.
Облыс орталығындағы жәрмеңке қала тұрғындарының негізгі сауда алаңына айналған. Мұнда бау-бақша, көкөніс, жеміс-жидектен бастап, ет-сүтке дейін табуға болады. Бұлар – қала іргесіндегі шағын шаруашылықтардың биылғы өнімдері. «Бағасы тиімді, өнім сапалы дейді», - тұтынушылар
Шынар Меңдіғалиева, қала тұрғыны:
- Қарбыз, қауын бау-бақшаның жемістері ғой көбіне. Табиғи, жергілікті, сенімді деп осы жерден алуға тырысамыз. Баға жағынан да қол жетімді, сүт өнімдері барлығы бір жерде. Қаймақ, шалап, айран бір жерден жинап алдым қазір.
Жәрмеңке көрігін қыздырып жатқан қала іргесіндегі шаруашылықтар. Олар өткен 1 айда тұтынушыға 4 мың тоннадай дала өнімін жеткізіп үлгерген.
Арыстанбек Кенже, тілші:
- Атырау қаласы бойынша 150 дей шаруашылық 1500 гектар алқапқа дән сепкен болатын. Шілде айынна бастап олардың алғашқы өнімдері тұтынушыға жете бастады.
Біз аралап көрген бұл шағын шарушылық 5 гектар алқаптан қауын-қарбыз және көкөністің 10 түрінен өнім жинауда. Маусым айының жаңбырлы болуына қарамастан, ерте пісетін дақылдар жаппай пісе бастапты.
Дәулеткерей Қалдыбаев, шаруа:
- Өтімі жақсы. Өсу де жақсы. Шілде айының ортасынан бастап базарға шығарып бастадық. Баклажан, қауын қарбыз, перец-тәтті бұрыштар. «Дина» базарынан орын алдық, таңертең ертемен апарып тапсырамыз. Сауда нүктелерін ашқанның пайдасы өзіміздің өнімімізді сатамыз. Делдалсыз сатамыз. Бағасы да тиімді болады.
Шаруа еңбегінің өтеуі саналатын ризықты рәсуа етпей тұтынушыға жеткізу және алыпсатарсыз адал сауда қалыптасыру үшін қала базарларынан 140-қа тарта сауда нүктелері ашылды. Сондай-ақ әр сенбі-жексенбіде облыс, аудан орталықтарында жәрмеңкелер ұйымдастырылуда. Былтырғы жиын-терім кезінде қала маңындағы шағын шаруашылықтар 33 мың тонна өнім жинап, тұтынушыға ұсынған еді.
Мереке Зинуллин, қалалық Кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы:
- Шаруагерлер үшін сауда нүктелерін ашу арқылы бағаны тұрақтандыруға қол жеткіздік. Қазір сатылымдағы жергілікті ауыл шаруашылығы өнімдерінің бағасы нарықтан 15-20 пайызға арзан. Сондай-ақ біз әлеуметтік маңызы бар азық-түлік түрлерінің бағасына да тұрақты мониторинг жүргізіп отырамыз.
Биыл өңірде 200-ден астам шарушылық 10 мың гектар алқаптан өнім жинап жатыр. Облыс тұтынуышларын картоп және көкөніспен жыл бойы қамтамасыз ету мақсатында 950 мың тоннадан астам өнім тұрақтандыру қорының қоймаларына жиналмақ. Ол өнімдер келер жылдың наурызына дейін қала базарлары мен жәрмеңкелер арқылы арзан бағада сатылады.
Авторлары: Арыстанбек Кенже, Айбек Байзақов, Жандос Рахметуллин