Астанаға әлемге танымал цирк келді
Астанаға әлемге танымал «Су, от және жарық циркі» шоуы келді. Гастрольдің бірінші күні Ресейдің еңбек сіңірген әртісі Анатолий Соколдың жетекшілігіндегі үлкен иллюзиялық аттракцион қайырымдылық қойылымын ұсынды.
Алғашқы көрермендер қатарында әлеуметтік осал санаттағы жасөспірімдер болды. Қойылымды балалар үйінің тәрбиеленушілері, ерекше білім беру қажеттілігі бар балалар, сондай-ақ көпбалалы және аз қамтылған отбасылардан шыққан бүлдіршіндер тамашалады. Манежде күрделі трюктерді, иллюзиялық қойылымдарды, музыканы және жарық эффектілерін үйлестірген жарқын шоу ұсынылды. Көрермендер алдында «Майами» клоундар дуэті, «Бақыттылар» шоқпар жонглёрлері, серпінді тақтадағы акробаттар және өзге де әртістер өнер көрсетті. Астанадағы қойылым 23 тамызға дейін жалғасады. Одан кейін труппа Алматыға жол тартады.
Илья Манин, «Майами» клоундар дуэтінің солисі:
- Біз қайырымдылық концерттерін жиі өткіземіз. Циркке келуге әркімнің мүмкіндігі бола бермейді. Осыншама көп адамның жиналғанын көріп, ерекше қуандық. Әрине, денсаулығында кінәраты бар балалар жазылып, олардың бәрі бақытты болса екен дейміз. Біз сол бақыттың кішкентай болса да бір бөлшегін сыйлауға міндеттіміз.