Кітап оқитын жастар көбейді
«Жас ұрпақ кітап оқымайды» деген пікірді жоққа шығаратын жастар көбейіп келеді. Бұл көңіл қуантады, - дейді мамандар. Қонаев қалалық кітапханасындағы тұрақты оқырманның 35 пайызы жастар.
Кітапхана ғимараты 2 жыл бұрын Президент тапсырмасымен модернизациядан өтті. Оқырман саны артып, кітап қоры толықты. Жастар қандай шығармалар таңдайды?
Оқушы Сабина Бауыржанқызы бос уақытын кітапханада өткізгенді ұнатады. Негізінен тарихи шығармаларды оқиды. Қоғамдық жұмыстарға да белсене араласады. «Кітапты көп оқыған адамның ойлау қабілеті мен мәдениеті жоғары болады», - дейді PARYZ еріктілері қозғалысының мүшесі.
Сабина Бауыржанқызы, оқушы:
- Жастар қазір өз уақытын тиімді пайдалануы керек. Тиімді пайдалану ол тек телефонмен шектелген білім емес, осындай киелі жерлерге келіп, түрлі жақсылықтар жасап, өзі дамыған адам әрқашан бір саты үстіде тұрады деп ойлаймын. Маған ең ұнаған кітап - «Оян, Қазақ!». «Оян, Қазақ!» кітабын Міржақып Дулатов жазған. Кітапты өте қатты сезініп оқыдым. Ішіне кіре алдым, фильмін де көрдім.
Ал бастауыш сынып оқушыларын ертегілер қызықтырады. Араларында «Абай жолы» сияқты күрделі туындыны оқып жүргендер де бар.
Нұрхан Рүстем, оқушы:
- Әртүрлі ертегілер оқимын. Оларды оқығанда теледидардан көріп отырғандай боламын. Ол жақта қызықты, күшті-күшті кейіпкерлер бар, иә. Әсіресе Желаяқ деген кейіпкер ертегілерде жиі кездеседі.
Іңкәр Мұрат, оқушы:
- Мен кітапханаға жиі келіп тұрамын. Кітап оқып тұрамын. «Абай жолын» оқығанмын. Ол адамның мінезін дұрыстауға және де жақсы жолға апаратын кітап.
Қалалық кітапхана ғимараты жаңғыртудан өткеннен кейін, оқырман саны да артты. Бұл мақсатқа жергілікті бюджеттен 257 млн теңге бөлінді. Қазір кітапхана кітап қорын сақтаушы ғана емес, жаңа технологиялардың да орталығына айналғандай. Мұндағы цифрланған әдебиеттер саны 2,5 мың данаға жуықтады.
Айгүл Ақтанова, Қонаев қалалық кітапханасының директоры:
- Кішкентай бүлдіршіндерімізді кітапханаға тарту мақсатында Тик Токты пайдалана отырып, оны бук-ток зона деп алмастырып, кітапты трендке айналдырып, трендттер түсіріп, Тик Ток желісінде өзіміздің платформамызды ашып, сондай керемет жұмыстар жүргізіліп жатыр. Одан бөлек әртүрлі ерекше форматтағы іс-шаралар, кітап фестивалі, «оупен эйр» аясындағы кітап оқулары және ақшалай қорлары бар, жүлделері бар байқаулар және кездесулер, «Жас оқырман» клубтарының жұмыс жасауы, солардың барлығы жастарды кітапханаға қазір көптеп тартып жатыр.
Ақпараттық технология дамыған заманда жастарды кітапханаға тарту оңай емес. Сондықтан, модернизациядан кейін мұнда тегін вайфай орнатылып, соңғы үлгідегі компьютер, планшет, ноутбуктар қойылды. Тағы бір айта кетерлігі, кітапхана таңғы 8-ден кешкі 8-ге дейін үзіліссіз және демалыссыз жұмыс істейді. Бұл жастар үшін өте қолайлы.
Авторлары: Ардақ Айбарұлы, Аят Дүйсенбаев