Қарағанды облысында темір жол саласында 325 жылдық еңбек өтілі бар әулет тұрады
Қарағанды облысындағы Огневтер әулетінің темір жол саласындағы жалпы еңбек өтілі – 325 жыл.
Әулеттің 17 мүшесі өмірін темір жолмен байланыстырған. Кәсіп атадан балаға мирас болып, бірнеше буын бойы жалғасып келеді.
Наталья Блаженская теміржол саласында ширек ғасырдан бері еңбек етіп келеді. Еңбек жолын жолсерік болып бастаған ол, бүгінде пойыз бригадаларының нұсқаушысы. Қызмет көрсету сапасы мен қауіпсіздік талаптарының сақталуын қадағалайды. Сіңліcі Татьяна да отбасы дәстүрін жалғап, жөндеу депосында техник болып жұмыс істейді.
Наталья Блаженская, пойыз бригадаларының нұсқаушысы:
- Бұл мамандықтың жауапкершілігі мен тұрақтылығы ұнайды. Терезеден өтіп жатқан қалалар мен ауылдарды көргеннің өзі ерекше әсер сыйлайды. Әр жолаушының діттеген жеріне аман-есен жетуі біздің басты міндетіміз.Темір жолға деген қызығушылық бізге бала кезден сіңді. Ата-анамыздың жанында жүріп, қолдан келгенше көмектесетінбіз.
Натальяның темір жолға деген сүйіспеншілігі анасынан дарыған. Ольга Огнева бұл салада отыз жылға жуық еңбек еткен. Әуелі жолсерік болып жұмыс істеп, кейін пойыз бригадаларының нұсқаушысына дейін көтерілген. Жас мамандарды даярлап, емтихан қабылдап, пойыз бригадаларын сапарға дайындаумен айналысты.
Ольга Огнева, теміржол саласының ардагері:
- Жол үстінде түрлі жағдайлар болады. Тіпті пойызда босанған әйелдерге көмектескен кездеріміз болды. Дәрігер іздеп, қажетті құралдарды дайындадық. Су тасқыны кезінде жергілікті билікпен бірге тұрғындарды қауіпсіз жерге көшіруге атсалыстық.
Үздіксіз қозғалыс пен теміржолға тән ерекше атмосфера Огневтер әулетінің бірнеше буынын осы салаға жетелеген. Қарағанды Сұрыптау станциясында ескерткіш ретінде тұрған паровозда Натальяның атасы еңбек еткен. Бір әулеттен 17 адам әр жылдары машинист, станция бастығы, жолаушылар пойызының ревизоры, жолсерік, болып жұмыс істеген.
Көп жылғы адал еңбек әріптестерінің де құрметіне ие болған. Олар Огневтер әулетін кәсібіне адал, жауапкершілігі жоғары жандар ретінде бағалайды.
Елена Афанасьева, жолсерік:
- Бұл ұжымда жиырма жылдан астам уақыт еңбек етіп келемін. Кезінде Натальяның анасымен бірге жұмыс істедім. Ол да біздің нұсқаушымыз болды. Бұл отбасының барлық мүшесі өте жауапты, еңбекқор әрі адамгершілігі мол. Сондықтан кәсіби мерекені біз әрдайым ерекше атап өтеміз.
Огневтер әулетінің теміржол саласындағы жалпы еңбек өтілі 325 жыл. Бірнеше буыннан тұратын әулеттің 17 мүшесі өмірін осы салаға арнаған. Бүгінде олардың еңбек жолын кейінгі ұрпақ жалғастырып келеді.
Рүстем Қайратұлы, Лиана Жамлиханова, Сайран Ақамбаев, Аман Хамит