Қарағанды облысында ұстаз мәртебесі мен кадр мәселесі талқыланды
Қарағанды облысының білім беру саласына жыл сайын 600 педагог жұмысқа қабылданады. Қазір кадр тапшылығы азайды. Өңірдегі білім беру мекемелерінде 24 мыңнан астам маман еңбек етіп жүр, деп хабарлайды 24KZ.
Оның 18 мыңға жуығы мектептерде сабақ береді. Педагогтердің мәртебесін биіктетіп, беделі мен кәсіби абыройын қорғау мәселесі басты назарға алынды. Қарағанды экономикалық университетінде өткен жиында Құрылтай депутаттары мен Қазақстан Халық Кеңесінің мүшелері саладағы мәселелерді оқытушылармен бірге талқылады. Президент Жолдауында басымдық берілген цифрлық технологияларды дамыту және сұранысқа ие маман даярлау туралы айтылды. Ұрпақ тәрбиесіндегі педагогтердің рөлі талқыға түсті.
Асхат Аймағамбетов, Құрылтай депутаты:
– Бұл Жолдауда біздің Қазақстанның кез келген азаматы өзіне, өзінің тағдырына қатысты өте маңызды сұрақтардың жауабын табуда. Мұғалімдер де өте ерекше бір көңілмен қабылдады. Осы Жолдауда ұстаздар тек қана сабақ берумен айналысуы керек, оларға артық жүктеме болмауы керек, мұғалімдерді қорғау керек, қолдау керек деген Президенттің айтқан тапсырмасы бойынша ұстаздарымыз жақсы қабылдап, ризашылығын білдіріп жатыр.