Сот бұрынғы әйелін аңдыған астаналыққа қатысты үкім шығарды

Сталкинг соңы – сот. Елордалық тұрғын өзіне қойылған шектеуді елемей, бұрын бірге тұрған әйелдің қыр соңына түскен. 4 ай бойы үздіксіз қоңырау, толассыз хабарлама жіберіп, үйінің маңын торуылдап, жолыққан бойда балағат сөздерін жаудырған. 

Заңсыз қудалаудың салдарынан, жәбірленуші кәмелетке толмаған қызының қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында сотқа жүгінген. Нәтижесінде айыпталушының кінәсі дәлелденіп, 100 сағатқа қоғамдық жұмысқа тарту жазасына ілікті. Үкім заңды күшіне енді. Астана қаласының прокуратурасы сталкинг, яғни адамның еркінен тыс байланыс орнатуға мәжбүрлеу және аңду әрекеттері үшін 50 тәулікке дейін қамаға алу жазасы көзделетінін ескертеді.