Автокредит арқылы 100-ден астам адамды алдаған қылмыстық топ жазаға тартылды
Астанада автокредит рәсімдетіп, қаржы пирамидасын құрған және алаяқтық жасаған ұйымдасқан қылмыстық топ мүшелеріне қатысты айыптау үкімі шығарылды, деп хабарлайды «24KZ».
Тергеу барысында 10-нан астам адамнан тұратын қылмыстық топтың рөлдері нақты бөлінгені анықталды. Олар азаматтарды 1 миллионнан 2 миллион теңгеге дейін ақшалай сыйақы төлеу сылтауымен автокредит рәсімдеуге көндіріп, несие міндеттемелерін өзіміз өтейміз деп уәде берген. Алайда алынған көліктер заңсыз сатылып, соның ішінде Қазақстан Республикасының аумағынан тыс жерлерге де шығарылып отырған.
Қылмыстық әрекет салдарынан 100-ден астам азамат жәбірленуші деп танылып, барлығы 165 автокөлік рәсімделген.
Сот үкімімен айыпталушылар ұйымдасқан қылмыстық топты құру және басқару, қаржы пирамидасын құру және басқару, сондай-ақ алаяқтық жасағаны үшін кінәлі деп танылды. Оларға 5 жылдан 8 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.
Жәбірленушілердің азаматтық талаптары қанағаттандырылды. Үкім заңды күшіне енген жоқ.