Отандық өндірушілерді қолдаудың жаңа тетіктері енгізіледі. LIVE
Жаңадан шыққан отандық өнімдер енді "жасыл сөрелерден" табылады. Қазақстанда жасалған тауарлар сауда желілеріндегі ең өтімді сөрелерге қойылып, арнайы таңбаланады. Кәсіпкерлерді қолдауға бағытталған жұмыстар бүгінгі үкімет отырысында жан-жақты талқыланды. Енді елдегі өндірушілерді қолдаудың жаңа тетіктері енгізіледі.
Сауда инфрақұрылымындағы ашықтықты қамтамасыз ету үшін ірі сауда орталықтары мен базарлардағы жалдау ақысын қалыптастырудың бірыңғай ережелері іске қосылмақ.
Елде отандық өндірушілерді қолдау күшейіп келеді. Сауда желілері мен интернет алаңдарында қазақстандық өнімнің үлесін арттыруға бағытталған жұмыстар қарқын алды. Осы мақсатта Ұлттық талдау орталығымен бірлесіп, отандық тауарды ілгерілетудің заманауи маркетингтік құралдары енгізілді. Сонымен қатар кәсіпкерлер үшін сауда орындарын жалға беру тәртібі де өзгерді. Енді ірі сауда орталықтары мен базарларда жалдау ақысы жылына бір-ақ рет қайта қаралады. Ал жыл соңына дейін "QazTrade Retail" цифрлық платформасы іске қосылмақ. Ол отандық өндірушілерді сауда желілерімен тікелей байланыстыруға мүмкіндік береді.
Отандық азық-түлік өндірісі де өсім көрсетіп отыр. Биыл тамақ өнеркәсібінде оң серпін сақталған. Соның нәтижесінде сала экспортының көлемі 7 миллиард долларға жетті.
Жиында Премьер-Министр «Қазақстанда жасалған» белгісі тұтынушы үшін сапаның кепіліне айналуы тиіс екенін айтты. Оның сөзінше, мұны нақты іспен дәлелдеу қажет. Үкіметке ішкі нарықты отандық өніммен толықтыруды жалғастырып, өнімді өткізу нарығын кеңейту тапсырылды. Сондай-ақ бір ай ішінде «Қазақстанда жасалған» брендімен шығарылатын тауарларды қолдау және ілгерілетудің кешенді бағдарламасы әзірленуі тиіс.
Авторлары: Кәмшат Мұхамеджан, Асхат Қарақойшиев