Қазақстан Орталық Азия бойынша баспана салу қарқыны жағынан көш бастап тұр
Құрылыс секторы ел экономикасының басты қозғаушы күшіне айналды. Былтыр жалпы ішкі өнімнің 6 пайызы осы саланың еншісіне тиді. Биыл да осы қарқынды төмендетпеу міндеті тұр. 700 мыңға жуық отандасымыз құрылыста жұмыс істейді.
Саланың ертеңгі бағыт-бағдары мен сапаны жақсарту мәселелері Алматыдағы «Құрылысшылар QURULTAY-ы 2026» форумында сараланды. Жиында мамандар инновациялық технологияларды енгізу мәселесін де көтерді.
Форумда құрылыс процесіне жасанды интеллект пен цифрлық технологияларды енгізудің маңыздылығы талқыланды. Қазірдің өзінде елдегі құрылыс саласында жобалау кезеңінен бастап, техникалық қадағалауға дейін жаңа технологиялар қолданылады. Соның ішінде 3D-модельдеу мен BIM-жүйелері бар. Бұл жаңашылдықтар адам факторынан келетін қателіктерді азайтады. Сол арқылы нысандардың сапасын халықаралық стандарттарға сәйкестендіруге болады.
Жұмағали Төтебаев, құрылыс саласының сарапшысы:
- Құрылысқа не кіреді және жаңадан қандай технология кіріп жатыр, соның бәрін айтып, түсіндіретін боламыз. Қазір бұл технологияның заманы болғандықтан, өзіміздің салаға да кіргізіп жатырмыз және басқаларға да ұсынып жатырмыз. Сызу барысы бар және жобалау қызметіміз бар. Осының барлығында интеллектіні қолдану арқылы қазір жұмыс жасап жатырмыз.
Былтыр Қазақстанның жалпы ішкі өнімі 6,5 процентке ұлғайды. Мұның ішінде өңдеуші өнеркәсіп, құрылыс, көлік және сауда саласының үлесі басым. Бұл қарқын биыл да сақталып отыр. Алғашқы жарты жылда экономика 4,1 пайызға артса, құрылыс секторы 15 процентке өскен. Форумға келген халықаралық инвестициялық компания өкілдері Қазақстанның шетелден инвестиция тарту бойынша Орталық Азияда көш бастап тұрғанын атап өтті.
Эдгарс Подникс, инвестициялық компанияның негізін қалаушы:
- Орталық Азияға келетін барлық инвестицияның 69 пайызы Қазақстанға тиесілі. Өткен жылы құрылыс жұмыстарының көлемі 16 пайызға өсті. Бұл тіпті Еуропа елдері үшін де рекордтық көрсеткіш. Біз сондықтан қазақстандық нарықтың тартымдылығын көріп, компаниямызды осында көшіруді жөн санадық. Салықтық жеңілдіктер мен арнайы экономикалық аймақтар инвесторлар үшін барлық жағдайды жасап отыр.
Жиында құрылыс сапасына қатысты талаптардың күшеюі де сөз болды. Шілдеде күшіне енген жаңа кодекске сәйкес, үйдің сапа кепілі 10 жылға дейін созылды. Оған үйдің шатыры, сыртқы жабыны, іргетасы жатады. Ал жалпы құрылыстың кепіл мерзімі 5 жылға дейін созылды. Сарапшылардың айтуынша, бұл өзгерістер құрылыс нысанының бағасына әсер етеді.
Тимур Нұртаев, Қазақстан Құрылысшылар одағы Алматы филиалының директоры:
- Бұл алғаш рет еліміздегі құрылысшылардың басын қосып отырған үлкен алаң. Меніңше, құрылысшылардың осылай жиналып, өзара сөйлесуі, ортақ мәселелерді талқылауы өте маңызды. Бірлесе жұмыс істеп, еліміздің әр өңіріндегі құрылысшылармен ынтымақтастық құруымыз керек. Құрылыс – экономиканың драйвері, сондықтан оның тек өсуіне жағдай жасауымыз қажет. Осындай ауқымды форумның өтіп жатқанына қуаныштымын.
Құрылысшылар күні қарсаңында өткен құрылтайға Қырғызстан, Өзбекстан және Қытайдан да сарапшылар қатысты. Жалпы алғанда, форум 500-ден аса сарапшының басын қосты.
Авторлары: Ернұр Рысбай, Валентин Лобанов