Әлеуметтік желіде ақша жинайтындар қатаң бақылауға алынады

Елде әлеуметтік желі арқылы ақша жинайтындар қатаң бақылауға алынады. Қазір тиісті заң жобасы ашық талқылауға шығарылды. Енді ақша жинау үшін «қайырымдылық еріктісі» мәртебесін алу міндеттеледі, деп хабарлайды 24KZ.


Көмекке деп жұрттан жылу жинағандардан, қаражаттың қайда және қалай жұмсалғаны жөнінде есеп сұралады. Мәдениет және Ақпарат министрлігі әзірлеген заң жобасы инстаграм, тикток арқылы ақша жинау тәртібін қатаңдатуды көздейді.  

Арыс Данағатов, заңгер:

– Мұндай қаражат арнайы сайт арқылы ғана жиналуы керек. Басқа жолдармен ақша жинауға болмайды. Қазір кейбір адамдар мұны табыс көзіне айналдырып, аянышты видеолар немесе ЖИ көмегімен жасалған роликтер жариялап жүр. Сондықтан мен өзім де қаражатты кімге және қалай аударып жатқанымды тексеремін. Ақшаның заңды тұлғаның шотына ма, әлде жеке адамның картасына ма түсетінін анықтаймын. Әрине, бұл жерде сұрақ көп. Карта кімнің атына тіркелген? Ақша кімнің шотына түсіп жатыр? Жиналған және жұмсалған әрбір қаражат бойынша есеп берілуі керек.

Бұдан былай бірыңғай цифрлық ресурсқа жылу жинау туралы мәлімет орналастыру шарт. Егер қаражат басқа біреу үшін жиналса, сол адамның рұқсатын растайтын құжат талап етілуі мүмкін. Жиналған ақшаны мақсатсыз пайдаланған жағдайда, әкімшілік, тіпті қылмыстық жауапкершілікке тарту қарастырылған.

Сондай-ақ оқыңыз: