100 жылқы ісі бойынша ақталған қарияға баспана сыйға берілді
100 жылқыны жымқырды деп айыпталып, кейін толық ақталған Рахат Сәрсеновке Ақтөбе қаласынан баспана сыйға берілді, деп хабарлайды 24KZ.
Рахат Сәрсенов 33 жыл бойы мал шаруашылығымен айналысқан. Кейін 100 жылқыға қатысты іс бойынша күдікке ілініп, сот алдында жауап беруге мәжбүр болған. Алайда сот шешімімен оның кінәсі дәлелденбей, толық ақталған.
Қарияның отбасына жергілікті кәсіпкер баспана кілтін табыстаған. Бұл туралы журналист Руслан Өтепбай әлеуметтік желідегі парақшасында жазды.
Жұмысымнан көрмеген жақсылықты халықтан көрдім, — деп Рахат Сәрсенов қуаныштан көз жасына ерік берген.
Журналистің айтуынша, қиын кезеңде қолдау білдірген азаматтарға алғысын жеткізген. Сонымен қатар 100 жылқыға қатысты іс бойынша құқықтық жұмыстар жалғасып жатқанын атап өтті.
Қажетті арыздар дайындалып, құқықтық тұрғыда күрес жалғасуда, — деді Руслан Өтепбай.