Қазақстанда 46 жалған диплом жасаған 20 сайт анықталды
Қазақстанда жалған дипломдардың заңсыз айналымына қарсы күрес жалғасуда. Бүгінде 46 жалған диплом мен оларды дайындаған 20 интернет-ресурс анықталды, деп хабарлайды 24KZ.
Құжаттардың заңсыз айналымының алдын алу мақсатында Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігі 1991 жылдан бастап берілген дипломдардың деректер базасын құрды.
Министрлік жоғары оқу орындары түлектеріне арналған өзіндік үлгідегі білім туралы құжаттардың мазмұнына қойылатын негізгі талаптарды, сондай-ақ осындай құжаттардың серияларын бекітті.
Дипломдар арнайы модуль арқылы бірегей нөмірлер мен QR-кодтар беріле отырып қалыптастырылады. Жүйеге тек осы модульде тіркелген жоғары оқу орындарының ресми жауапты қызметкерлері ғана қол жеткізе алады.
Дипломдарды генерациялау «Жоғары білімнің бірыңғай платформасы» (ЖББП) ақпараттық жүйесіндегі білім алушылар туралы деректер негізінде жүзеге асырылады. Егер білім алушы туралы ЖББП-да мәлімет болмаса, диплом нөмірін қалыптастыру мүмкін емес.
Өзіндік үлгідегі білім туралы құжаттарда генерацияланған бірегей нөмір мен QR-код болмаған жағдайда мұндай құжаттар жарамсыз деп танылады, - деп жазылған министрлік хабарламасында.
Сонымен қатар, Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігі мен Ішкі істер министрлігі тұрақты негізде мониторинг жүргізіп, жалған дипломдарды жасау және сатумен байланысты фактілердің жолын кесуде. Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 385-бабына сәйкес, құжаттарды қолдан жасау немесе жалған құжаттарды пайдалану айыппұл салуға, түзеу жұмыстарына не екі жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеуге немесе айыруға әкеп соғады.
Бүгінгі таңда 46 жалған диплом және оларды заңсыз жасаумен айналысқан 20 интернет-ресурс анықталды. Материалдар Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі мен Мәдениет және ақпарат министрлігіне жолданды.
Қазір жоғары оқу орындары білім алушылар туралы деректерді цифрландыру жұмыстарын жалғастырып жатыр. Ал жұмыс берушілер дипломның түпнұсқалығын арнайы epvo.kz сервисі арқылы тексере алады. Сондай-ақ дипломның электрондық нұсқасы электрондық үкіметтің «Цифрлық құжаттар» мобильді қосымшасында да қолжетімді.
Министрлік жалған дипломдарды қолдан жасау немесе пайдалану заңнамаға сәйкес қатаң жазаланатынын атап өтеді.