Елордада 50 жылдық су құбыры жаңартылып жатыр
Жыл соңына дейін елордадағы тозығы жеткен су құбыры толықтай жаңартылады. Жоба Энергетикалық және коммуналдық секторларды жаңғырту бағдарламасы аясында жүзеге асырылып жатыр. Жалпы ұзындығы 3 шақырым болатын су құбырын ауыстыруға бюджеттен 2,3 миллиард теңге бөлінген. Қазір құрылыс жұмыстарының тең жартысы аяқталған.
Жаңа құбыр Жаһанша Досмұхамедұлы көшесінің бойымен тартылып, Астана тұрғындары мен маңайдағы Жылу электр орталығын техникалық сумен тұрақты қамтамасыз етеді. Бұған дейін бұл желі жарты ғасыр жөндеу көрмеген. Ал 2027-2028 жылдары Қорғалжың тас жолындағы кәріз коллекторын қайта жаңарту жоспарда тұр.
Ержан Шәріпов, "Астана су арнасы" МКК бас директорының бірінші орынбасары:
- Бұл жоба Астанамызға өте маңызды. Су жүйесімен техникалық су алатын өзіміздің тұтынушымыз бар. Оның ішінде ТЭЦ-1 бар. Ол біздің қалаға ыстық су мен жылу беретін. Сондықтан жобаның маңыздылығы - келесі 30-50 жылда сол трубаны пайдалануға болады.