Сирек жағдай: Павлодарда ЭКО әдісі арқылы үшем дүниеге келді
Отыз үш жастағы қала тұрғыны үш ұлды болды.
Сәбилерге ата-анасы Аят, Иса және Алан деген есімдер қойған. Дәрігерлердің айтуынша, өңірде үшемнің дүниеге келуі сирек кездеседі. Соңғы рет мұндай жағдай 2022 жылы тіркелген. Қуанышы еселенген отбасының тұңғыш қызы 12 жаста. Оның артынан ерген үш бауыры «Аңсаған сәби» мемлекеттік бағдарламасы аясында өмірге келген. Жалпы облыс бойынша жыл басынан бері 3 мыңға жуық сәби дүниеге есігін ашыпты. Оның отызға жуығы егіздер. Ал үшемдердің екеуі анасымен бірге үйіне шығарылды. Бір сәби салмағы толыққанша дәрігерлердің бақылауында болады.
Мәдина Казенова, Павлодар қаласының тұрғыны:
- Біз мемлекеттік бағдарлама арқылы ЭКО жасаттық. Процедурадан өттім, барлығы алғаш реттен-ақ сәтті болды. Кейін жүрек соғысын анықтау үшін ультрадыбыстық зерттеуге түскен кезде үшем болатынын білдім. Өзім де іштей егіз болуы мүмкін екенін сезіп жүрген едім. Алайда нәтижесінде үшем дүниеге келді.
Жаңылай Қапанова, облыстық перинаталды орталықтың неонаталдық қызметінің басшысы:
- Жүктіліктің 35-аптасында әйел адам кесарь тілігі арқылы босанды. Балалар аздап шала туған, бірақ бұл мерзім толық мерзімге жақын кезең болып саналады. Екі сәбидің салмағы 2,5 келіден жоғары, ал біреуінің салмағы 1 келі 400 грамм болды. Қазіргі таңда балалардың жағдайы тұрақты. Екі сәби анасымен бірге, ал салмағы төмен бір бала реанимация бөлімінде бақылауда. Салмағын біртіндеп қосып келеді.