Президент Ұлттық архивтің 20 жылдық мерейтойымен құттықтады

Астанада Ұлттық архивтің 20 жылдығына арналған халықаралық ғылыми-практикалық конференция өтті.

Жиында цифрлық трансформация, конституциялық құндылықтар, тарихи мұра тақырыбы талқыланды. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық архивтің ұжымы мен ардагерлерін 20 жылдық мерейтоймен құттықтап, еліміздің тарихи мұрасын сақтауға қосқан елеулі үлестері үшін ризашылығын білдірді.

Бұл тарихтың сақшылары. Ұлттың жадын жаңғыртып, көнеден қалған құжаттарды көзінің қарашығындай сақтап жүрген жандар. Олар бүгін Ұлттық архивтың 20 жылдық мерейтойына арнайы жиналды.  Конференцияға мұрағатшылармен бірге сала ардагерлері де келген. Мемлекеттік орган өкілдері мен шетелдік мамандар да осында. Кәсіби кездесудің тақырыбы − цифрлық трансформация, конституциялық құндылықтар және тарихи мұра. Жиын басында Премьер-министрдің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың құттықтау хатын оқып берді.

ЦИТАТА: Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті

Архив қорында Тәуелсіз Қазақстанның қалыптасу және даму кезеңдерін айшықтайтын құнды мәліметтер бар. Мекеме мамандары шетелдік архивтерден табылған тарихи жәдігерлерді зерделеп, құнды құжаттарды елге жеткізу жолында елеулі еңбек сіңірді. Соның арқасында архив қоры он төрт ғасырды қамтитын бірегей деректермен толықты. Ұлт шежіресін тереңірек тануға мүмкіндік беретін мұндай игі жұмыстың мәні айрықша екені анық. Бүгінгі басқосуда архив саласын заман талабына сай дамыту жөнінде салиқалы пікірлер мен ұтымды ұсыныстар айтылады деп сенемін.

Өз сөзінде Аида Балаева архив ісінің қалыптасуы мен дамуына үлес қосқан ұжымға алғыс айтып, бүгінде еліміз аса маңызды тарихи кезеңді бастан өткеріп отырғанын атап өтті. Жаңа Конституциядағы тарихи-мәдени мұраны сақтау мен ұлттық мәдениетті қолдаудың өзектілігіне арнайы тоқталып, биыл Қазақстан ұлттық архивіне «Ұлттық» мәртебе берілетінін еске салды. Айта кетейік, елде 30 миллионға жуық құжат сақтаулы. Салада 3,5 мыңнан астам маман еңбек етеді. Қазір оларды әлеуметтік тұрғыда қолдау күшейді. 

Тұрсынгүл Құсайынова, ҚР Ұлттық архиві директорының орынбасары:

- Біздің Ұлттық архивке ұлттық статусы берілетін болды. Бұл қызметкерлердің жалақысын көтеріп, архив саласына деген қызығушылықты арттыруға және толыққанды жұмыс істеуге мүмкіндік береді дейміз. Сондықтан да президентімізге, сала мамандарына алғысымызды білдіреміз, осы архив саласының мамандарын қолдап жатқанына. 

Мерейтой мезіретімен келді. Архив саласының қалыптасуы мен дамуына елеулі үлес қосқан азаматтарға Президент атынан мемлекеттік және ведомстволық наградалар табысталды. Мұрағатшы қауым марапатқа дән риза. 

Әсия Керімтаева, Мемлекеттік және ведомстволық архивтермен жұмыс жүргізу орталығының басшысы:

- Ұлттық архив ашылғалы 20 жылдан бері еңбек етіп келемін, бұл марапат көп жылғы еңбектің жемісі деп білемін. Архивтегі жұмысымды ешқандай жұмысқа айырбастамас едім. Бұл жерде тарихтың қойнауына енесіз, көзбен көргендей боламыз. Болашақ ұрпаққа шынайы дәлелмен жеткізу біздің мақсатымыз.

Қазір цифрлық трансформацияға басымдық беріліп жатыр. Соңғы жылдары Ұлттық архивтегі цифрландырылған құжаттардың үлесі 3 пайыздан 26 пайызға дейін артты. Құжаттарды қабылдауға, сақтауға, сондай-ақ азаматтар мен ұйымдардың сұраныстарын жедел орындауға мүмкіндік беретін  ақпараттық жүйе енгізілді. Мұны сала ардагерлері жоғары бағалап отыр.

Майра Қайырбайқызы, сала ардагері:

- Қазір заманауи уақытында трансформация ретінде өте көп құндылықтар келіп, қазақстан тарихына сондай көптеген мағлұматтар келіп жатыр. Әрине оның бәрі зерттеледі. Тарихшылар, зерттеушілер бәрі оқып, елімізді мақтаныш етеміз. Шын жүректен құттықтаймын. Коллективке тек қана жақсылық, еңбек етіп, ізденіп, соның бәрін жасап, құндылықты сақтаса, біздің еліміз, Тәуелсіз Қазақстанымыз өркендей береді.

Мамандар даярлау мен олардың біліктілігін арттыруға да ерекше көңіл бөлінуде. Бүгінде архив саласының мыңнан астам қызметкері арнайы сертификатқа ие болды. Ал конференция барысында қатысушылар Ұлттық архив қорларын қалыптастыру, ғылыми тұрғыда жариялау, цифрлық трансформация мен жасанды интеллект технологияларын қолдану мәселелерін талқылады. Нәтижесінде арнайы қарар қабылданып, нақты ұсынымдар әзірленді.

Бекзат Аманов, Санжар Биргебаев