Абай облысында Құрылтай сайлауына дайындық пысықталды

Абай облысында Құрылтай депутаттарын сайлауға дайындық пысықталды.

Орталық сайлау комиссиясы мен мемлекеттік органдар өкілдері саяси науқанының барысын талқылады. Басқосуда сайлау учаскелерінің әзірлігі мен халықты ақпараттандыруға ерекше назар аударылды.

Дауыс беру күніне жиырма күнге жетер-жетпес уақыт қалды. Қазір мамандардың негізгі міндеті - сайлауды ұйымдасқан түрде, ашық және заңнамаға сәйкес өткізу. Сондықтан Орталық сайлау комиссиясының төрағасы мен мүшелері өңірлерге инспекциялық сапарларын бастады.

Азамат Айманақымов, ҚР Орталық сайлау комиссиясының мүшесі:

- Бүгін Абай облысының аумағында сайлауға жауапты мемлекеттік органдардың есептерін тыңдадық, оның ішінде жергілікті атқарушы органдар бар. Жалпы Абай облысы алдағы Құрылтай сайлауын өткізуге толықтай дайын. 

Абай облысында сайлау өткізуге 464 сайлау учаскесі дайындалды. Сайлаушылар тізіміне өңірдің 402 мыңнан астам тұрғыны енгізілген. Олар үшін 13 колл-орталық жұмыс істейді, онда дауыс беруге қатысу тәртібін нақтылауға және өз учаскесінің мекен-жайын анықтауға болады.

Гүлнар Жігітбаева, Абай облыстық аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы:

- Облыстың барлық сайлау учаскелері қажетті материалдық-техникалық базамен қамтамасыз етілген және дауыс беруге толығымен дайын. Барлық сайлау учаскелерінде мүгедектерге арналған арнайы бұрыштар орнатылған. Кәсіптік негізде жұмыс істейтін барлық аудандық және қалалық аймақтық сайлау комиссия мүшелері оқудан өтті. Енді учаскелік комиссияларды оқыту кесте бойынша жүргізіледі.

Өңірде сондай-ақ алдағы сайлау туралы ақпарат жазылған 130-дан астам баннер мен билбордтар ілінді. Әзірге төрт қоғамдық бірлестік байқауды жүзеге асыруға аккредиттеуден өтті. Тағы үш ұйымның құжаттары қаралуда.

Серік-Ибраһим Орынбек, Мәди Базарбеков