Қостанайда 120 пайызбен заңсыз несие берген азамат сотталды

фото: АФМ видеосынан скрин

 Қостанай қаласында заңсыз микрокредиттік қызметпен айналысу және қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыру ісі бойынша сот үкім шығарды. Жергілікті тұрғын тиісті лицензиясыз мүлікті кепілге қою арқылы несие берген. Оның заңсыз тапқан табысының көлемі 1 миллиард теңгеден асқан, деп хабарлайды 24kz.

Тергеу мәліметінше, ер адам клиенттерді OLX және Instagram платформалары арқылы тартқан.

Азаматтардың ауыр материалдық жағдайын және екінші деңгейлі банктерден несие ала алмауын пайдаланған ол жылдық мөлшерлемесі 120%-ға дейін жететін жоғары пайызбен қарыз берген. Сонымен қатар, нотариат куәландырған шарттарда қарыздың нақты сомасы емес, алдын ала есептелген сыйақы, ресімдеу шығындары және өзге де төлемдер қосылғандықтан, негізсіз ұлғайтылған сома көрсетілген, — деді Қаржылық мониторинг агенттігі.

Іс материалдарында жәбірленушілердің біріне қатысты мысал келтірілген. Ол іс жүзінде 9 миллион теңге алған, алайда келісімшартта 14 миллион теңге көрсетілген. Кейін тағы бір келісім жасалып, онда әйелдің 18 миллион теңге көлемінде міндеттемесі көрсетілген. Бірақ бұл келісім бойынша оған ақша берілмеген.

Кейін сот жәбірленушіден 26 миллион теңге өндіріп алу туралы шешім шығарған.

Қаржылық мониторинг агенттігінің мәліметінше, 50-ден астам азамат әдейі тиімсіз шарттармен қарыз міндеттемелеріне тартылған. Қылмыстық жолмен алынған табыс көлемі 1 миллиард теңгеден асқан.

Сот үкімімен ер адамға 2 жыл 8 ай бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Сонымен қатар сот қылмыстық жолмен алынған қаражатқа сатып алынған мүліктерді тәркіледі. Олардың қатарында төрт пәтер, екі жер учаскесі және Mercedes-Benz G500, Dodge RAM 1500, Hyundai Santa Fe автокөліктері бар.

Сот үкімі әлі заңды күшіне енген жоқ.