Қазақстандықтарға 2 млн теңгеге дейін жалақысы бар жұмыс орындары ұсынылды
Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі (ЕХӘҚМ) Қазақстан бойынша Enbek.kz Электрондық еңбек биржасында 53 мыңнан астам бос жұмыс орны қолжетімді екенін мәлімдеді, деп хабарлайды 24kz.
Ведомство нақтылағандай, жұмыс берушілер білім беру, денсаулық сақтау, құрылыс, өндіріс, көлік және логистика салаларындағы мамандарды белсенді түрде іздеуде. Сонымен қатар арнайы мамандығы немесе кәсіби тәжірибесі жоқ азаматтарға да лайықты жұмыс орындары ұсынылған.
Ұсынылатын жалақы көлемі маманның кәсібіне, біліктілігіне және жұмыс тәжірибесіне қарай өзгереді. Қазіргі таңда 11 мыңнан астам бос жұмыс орны бойынша жалақы мөлшері 300 мың теңгеден жоғары, - деп мәлімдеді ҚР ЕХӘҚМ баспасөз қызметі.
Еңбек министрлігінің мәліметі бойынша, білікті мамандар үшін бұдан да тартымды жағдайлар ұсынылады:
· IT саласында – 2 млн теңгеге дейін;
· өндірісте – 1,7 млн теңгеге дейін;
· құрылыста – 1,2 млн теңгеге дейін;
· ауыл шаруашылығы мен денсаулық сақтау саласында – 1 млн теңгеге дейін;
· білім беру саласында – 750 мың теңгеге дейін.
Жұмыс іздеп жүрген немесе кәсіби бағытын өзгерткісі келетін азаматтар Электрондық еңбек биржасы арқылы өзіне қолайлы вакансияны тауып, жаңа мүмкіндіктерге жол аша алады, – деп қорытындылады ведомствоның баспасөз қызметі.