Жалаңдаған жалынмен енді құлтемірлер күреседі

Павлодар облысында өндіріс нысандарынан шыққан өртті сөндіретін робот қолданысқа енді. Жоғары температураға төзімді техника қауіпті аймақтарда тілсіз жауды қашықтан ауыздықтауға мүмкіндік береді. "Бұл құтқарушылардың қауіпсіздігін арттырып, төтенше жағдайларға жедел әрекет етуге мүмкіндік береді", - дейді мамандар. 

Дильназ Тұрғазыева, тілші:

- Өрт сөндіру роботы осы пульт арқылы қашықтан басқарылады.  Бұл – техниканың басты ерекшелігі. Себебі өрт қауіпті аймақта болған жағдайда құтқарушылардың орнына робот жіберіліп, ең қатерлі жұмысты осы техника атқарады.

Оператор құрылғына 700 метр қашықтықтан бағыттайды. Роботтың алдыңғы бөлігіне камера орнатылған. Оның көмегімен мамандар өрт ошағын бақылап, су немесе көбік шашады. Роботтың жылдамдығы сағатына 10 шақырым. Су бүрку қашықтығы 100 метрден асады. Салмағы 480 келі, ал жүк көтергіштігі 200 келіге дейін жетеді.

Аслан Ботабаев, Павлодар облысы ТЖД Өрт сөндіру басқармасы бастығының орынбасары:

- Бұл отандық өнім. Мұнай сақтау қоймалары, жанармай сақтау, газ сұйыөтықтары, әскери қару-жарақ жарылған жағдайда жеке құрамды жібермес үшін осы техниканы жіберіп сөндіреміз. Желтоқсан айынан бастап сынақтан өтті. Қазір сертификаттандырылды. Қазір жауынгерлік есепте тұр.

Елде 2 мыңнан астам өрт сөндіру техникасы жұмыс істейді. Олардың қатарында өрт сөндіру автокөліктері, орман-патрульдік кешендер, тракторлар, дрондар мен мотопомпалар бар. Өрт қауіпсіздігін қамтамасыз етуде жасанды интеллектке негізделген цифрлық шешімдердің де рөлі артқан

Дастан Тілектесов, ҚР ТЖМ Өртке қарсы қызмет комитеті басқармасының аға инженері:

- Ахуалды орталығымыз бар. Министрліктің жүрегі десек те болады. Барлық ақпарат республика көлемінде жеткізіліп, басқармашылық шешім қабылдауға септігін тигізеді. Бейнемониторинг жүйелері, ғарыштық-спутниктік басқару жүйелері біздің салада кеңінен қолданылады.

Қазір Төтенше жағдайлар министрлігінде 200-ден аса ұшқышсыз ұшу аппараты бар. Оның 150-ден астамы жасанды интеллектке негізделген. Олар табиғи өрт, су тасқыны сынды төтенше жағдайларда қолданылады.

Авторлары: Дильназ Тұрғазыева, Марат Диханбаев