Балалар қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін не істеу керек?
Жыл басынан бері елімізде 212 бала терезеден құлап, 22-сі көз жұмды. Соңғы екі аптада тіркелген 5 оқиғаның көбі Абай облысында болған. Қайғылы жағдайдың қайталануына не себеп?
Абай облысында биыл балалардың терезеден құлауының 13 дерегі тіркелген. Бұл өткен жылдың осы мезгілімен салыстырғанда үш оқиғаға көп. «Оның басты себебі ересектердің тұрмыстық немқұрайлылығы», - дейді мамандар. «Қарағайлы» шағын ауданында бір тәулік ішінде екі кішкентай бала терезеден құлап кетті. Біреуі аман қалса, екіншісінің өмірін сақтап қалу мүмкін болмады. Ересектер бірнеше минутқа қырағылығын жоғалтса, мұндай қайғылы жағдай кез келген үйде болуы мүмкін.
Нұрсұлтан Алдоңғаров, Абай облыстық ТЖД басқарма бастығы:
- Мұның бәрі биылғы жаздың қатты ыстық болуымен байланысты шығар деп ойлаймын. Ел азаматтары бөлмесін, пәтерін салқындату үшін терезелерін аша бастайды. Балалар қараусыз қалады. Олар орындық, қорап сияқты заттарға шығып, маса торына сүйенеді де, терезеден құлап кетеді. Жалпы облыс құрылғалы бері бізде осындай 46 жағдай тіркелді.
Мұндай оқиға кезінде полицейлер дереу әрекет етеді. Егер ата-ана мен заңды өкілдер баланың қауіпсіздігін қамтамасыз етпесе, әкімшілік жауапкершілікке тартылады. Ал терезеден құлау салдарынан бала қаза тапса, кінәлі адам қылмыстық жауапкершілікке тартылады.
Ажар Сартова, Абай облыстық Полиция департаментінің тергеушісі:
- Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 141-бабының 1-бөлігіне сәйкес 2 мың айлық есептік көрсеткішке дейін айыппұл салу, сол мөлшерде түзеу жұмыстары, 600 сағатқа дейін қоғамдық жұмыстарға тарту, 2 жылға дейін бас бостандығын шектеу немесе 2 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы көзделген.
Қазіргі заманғы үйлерге терезе торы орнатылмайтындықтан, қайғылы жағдайдың алдын алуға арнайы блокаторлар көмектеседі. Бұл балаға оны ашуға мүмкіндік бермейтін арзан, бірақ өте сенімді шектегіштер. Биыл мұндай құрылғылар көпбалалы және әлеуметтік осал топтағы 37 отбасының пәтеріне тегін орнатылды. Дегенмен құтқарушылар кішкентай балаларды қараусыз қалдырмауға шақырады.
Авторлары: Ардақ Айбарұлы, Ботакөз Дандыбаева, Мәди Базарбеков