Шығыс Қазақстанда 100 мыңнан аса адам өнеркәсіп пен құрылыста жұмыс істейді

Шығыс Қазақстан облысында өнеркәсіп және құрылыс саласында 100 мыңнан аса адам еңбек етеді. Ерлермен иық тіресе тер төгіп жүрген әйелдер де көп. 

Өлкеде жыл соңына дейін 900 мың шаршы метр тұрғын үй салынады. Өскеменнің аумағы жылдан жылға жаңа ықшам ауданмен ұлғайып келеді. Қалада бой көтеріп,салынып жатқан осындай көпқабатты үйлер мен әдемі алаңдардың ар жағында қаншама құрылысшының еңбегі жатыр. Шаһардың жарқырап, көрікті болуы сол жұмысшылардың арқасы.

Кірпіш зауыты тынымысыз еңбектің ортасы. Мұндағы жұмысшыларға сырттағы аптап ыстық та, іштегі жоғары температура да кедергі емес. Наталья Сотникова - тротуар плиткаларын шығаратын учаске шебері. Әрбір кірпіштің құрамын бақылайды. Ылғалдылығын, цемент мөлшерін қалт жібермей қадағалайды. Себебі мүлт кетсең, өнім сапасы төмендейді.

Наталья Сотникова, Құрылыс учаскесінің техникалық бақылау шебері:

- Осы учаскеде ер-азаматтардың ортасындағы жалғыз әйелмін. Сондықтан әріптестерім көмектесіп, айтқанымды екі етпеуге тырысады. Менің қандай талапшыл екенімді де біледі. Ұжымда бірлік болған кезде өндіріс өнімі көбейеді.

Жол-құрылыс институтын бітірген Наталья мамандығын мақтан тұтады. Жұмысым қаншама ауыр болғанымен, оның жемісін көргенде барлығы әп-сәтте ұмытылады, - дейді ол.

Наталья Сотникова, Құрылыс учаскесінің техникалық бақылау шебері:

- Қаланы аралағанда өз қолымнан шыққан плиткалардың төселіп жатқанын көріп қатты қуанамын. Сол тротуармен қаншама адам серуендейді ғой. Сол кезде туған өлкемнің сәулетіне үлес қосып жүргенімді сезінемін. Бұл саладағы жұмысымды әлі де жалғастырғым келеді.

Бір ауысымда Натальяның қолынан мыңдаған кірпіш өтеді. Шеберден тәжірибе алып жүрген жастар да жетерлік.

Мадияр Мырзағалиев, зауыт жұмысшысы:

- Наталья Александровна ол шығарып жатқан өнімдерді үнемі бақылайды. Бізге көмектесіп айтып отырады, қалай болу керек, қалай жұмыс істеу керек, сапасын қалай бағалау керек екенін түсіндіреді.

Аймақта өнеркәсіп және құрылыс саласында 100 мыңнан аса адам еңбек етсе, соның 30 мыңға жуығы әйел адамдардың үлесінде. Құрыш қолды құрылысшылар қаланың жаңа келбетін қалыптастыру үшін жанталасуда.

Авторлары: Эльмира Ахметова, Жігер Бабаханов