Қазақстанда Абай есімді 19 мыңға жуық адам бар

Қазақстанда 19 мыңға жуық адам Абай есімін иеленген, деп хабарлайды 24KZ.

Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, бүгінде елімізде Абай есімін иеленген 18 961 адам бар. Бұл есім ең көп таралған өңірлер – Астана қаласы – 2 186 адам, Түркістан облысы – 2 008 адам және Алматы қаласы – 1 740 адам.

Абай есімді ең жасы үлкен қазақстандық 1932 жылы туған. Ал есім иелерінің арасында 30-34 жас аралығындағы азаматтар саны басым – 3 267 адам.

Абай есімі бүгінгі таңда да сұранысқа ие. Тек биылғы жылдың алғашқы жартысында 91 сәбиге Абай есімі берілген.

Дәстүрлі түрде ер адамға қойылатын есім саналғанымен, Қазақстанда Абай есімді 9 әйел де тіркелген.

Сонымен қатар елімізде ақынның шын есімі – Ибраһим, сондай-ақ Ибрагим және Ибрахим нұсқаларын иеленген 37 844 адам тұрады.

Абай есімі еліміздің картасында да кеңінен көрініс тапқан. Қазіргі таңда ұлы ақынның құрметіне 1 облыс, 1 қала, 3 аудан және 26 ауыл аталған.

Айта кетейік, 10 тамыз Қазақстанда Абай күні ретінде аталып өтеді.