Қызылорда облысында 1 млн жем-шөп дайындалады

Қызылорда облысында қысқа қажет жем-шөпті дайындау жұмыстары қарқынды жүріп жатыр. Биыл өңірде 1 млн тоннаға жуық мал азығын әзірлеу жоспарланған. Қазір шаруалар 60 пайызын қамдап үлгерді.

Және мал азығына арналған егіс көлемі де ұлғайған. Атап айтқанда, жемшөп дақылдары 73 мың гектар алқапқа егілді.

Бұған қоса табиғи шабындықтардан алынатын шөптің түсімі де жақсарды. Мамандар мұны су арналарының уақытылы тазаланып, егістікке су жеткізудің жақсарғанының және шаруаларға жеңілдетілген жанармайдың дер кезінде берілгенінің арқасы дейді.  

Биыл көктемде жауын-шашын мол болып, табиғи шөптің шығымы да жақсарған. Мамандардың айтуынша, Шиелі ауданында жоспарланған 170 мың тонна шөптің 70 пайыздан астамы дайын. Мысалы, Нартай ауылындағы шаруашылық биыл 700 гектарға жуық жоңышқа егіп, ойдағыдай өнім алып отыр.

Нұржан Мұратаев, шаруа қожалығының өкілі:

- Енді мемлекеттен бөлінген, жеңілдетілген жанармай бар, оны уақытында алдық. Қазіргі таңда орылып, ол кептіріліп, осындай преске бастырылып және де рулонға жүктейді. Сондай бастырылып жинау жұмыстары жүріп жатыр. Мына артында тұрғандай, бір прес салмағы - 24 кг, одан кейін анау тұрған үлкен рулон шөптер, бұлар 250 мен 400 килограмда болады салмағы.

Жаңақорған ауданы да биыл 193 мың тонна шөп қорын әзірлеуді көздеп отыр. Қазіргі уақытта оның 63 пайызы жиналды. Өңірде әсіресе жоңышқа түсімі жоғары. «Ерте көктемде қолға алынған су тапшылығының алдын алу шаралары да өз нәтижесін берді», - дейді мамандар.

Талғат Зейдалиев, Жаңақорған аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы:

- Наурыз айында осы жылдың, осы вегетациялық кезеңнің өту процесінің алдын алу үшін біз ауданнан 28 миллион қаржы бөліп, аудандағы 42 жарым километрді құрайтын су жүру каналдарының бәрін кедергісін жойып шықтық. Соның салдарынан қазір су қарқыны жойылмай, жалпы егістік алқаптарға су мөлшері қалыпты жағдайда жетуде.

Жалпы биыл Қызылорда облысында 73 мың гектардан астам жерге мал азығы егілді. Бұл былтырғы көрсеткіштен 3,5 мың гектарға артық. Бұдан бөлек, табиғи шөп қорын көбейту мақсатында 76 мың гектар жайылым мен шабындық суарылды.

Дәулетбек Әбдірасулов, облыстық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқарма басшысының орынбасары:

- 2026-2027 жылғы қысына 996 мың тонна табиғи шөп, 202 мың тонна жем, 161 мың тонна сабан және 10 мың тоннаға жуық сүрлем дайындалады. Бүгінгі күні 608 мың тонна шөп, 68 мың тонна жем дайындалды. Шөп жалпы 60 пайызға жуық дайындалып, қазіргі уақытта жаппай жем-шөп дайындау уақыты жүргізіліп жатыр.

Мамандар алдағы қысқа қажетті жем-шөп қорын әзірлеу жұмыстарын қазан айының соңына дейін аяқтауды жоспарлап отыр.

Авторлары: Нұрлан Жақыпбеков, Ақан Әлиев, Нұрлан Мұзарапшин