Маңғыстаудағы «Қызылсай» ұлттық паркінде қызмет көрсету тарифтері өзгерді
Маңғыстау облысының әкімдігі ерекше қорғалатын табиғи аумақтарда көрсетілетін қызметтердің жаңа тарифтерін бекітті, деп хабарлайды 24KZ.
Жаңа тарифтер айлық есептік көрсеткішке (АЕК) байланысты белгіленген. Атап айтқанда, «Қызылсай» ұлттық паркінің аумағында көрсетілетін бірқатар қызметтердің құны өзгерді.
20 адамға дейінгі топқа экскурсиялық қызмет көрсету ақысы тәулігіне 1,8 АЕК, ал гид қызметі 0,9 АЕК болып белгіленді. Сондай-ақ 16 адамға дейінгі топқа арналған «Газель NEXT» көлігін жалға алу құны тәулігіне 15,9 АЕК болады.
Сонымен қатар ерекше қорғалатын табиғи аумаққа келушілердің жекелеген санаттарына жеңілдіктер қарастырылған.
Атап айтқанда, зейнеткерлер, мүгедектігі бар адамдар, Екінші дүниежүзілік соғыс ардагерлері және оларға теңестірілген азаматтар, еңбек ардагерлері, сондай-ақ 6 жасқа дейінгі балалар ұлттық парк аумағына тегін кіре алады.
6-дан 17 жасқа дейінгі мектеп оқушыларына 50%, ал күндізгі бөлімде оқитын студенттерге 25% жеңілдік қарастырылған.
Айта кетейік, жаңа тарифтердің бекітілуіне байланысты 2021 және 2026 жылдары қабылданған бұрынғы қаулылардың күші жойылды.