Күн тұтылып, жұлдыздар ағып түседі

Бүгін күн тұтылып, жұлдыздар ағып түседі. Күннің толық және ішінара тұтылуы Еуропа, Солтүстік Американың солтүстігі және Африка аймақтарында байқалады.

Ал Жердің Солтүстік жарты шарындағы тұрғындар, оның ішінде қазақстандықтар да, Персеид метеор ағынын тамашалай алады. Бұл әсем табиғи құбылыс жыл сайын жаздың ортасынан соңына дейін байқалады. Биыл тамыздың 12-нен 13-не қараған түні шарықтау шегін көре аламыз. Яғни бір сағатта аспаннан жүзге жуық «жұлдыз ағып» түседі.

Бұл метеор ағыны Персеид деп аталады. Яғни жарық метеорлар пайда болатын аспандағы нүкте Персей шоқжұлдызында орналасқан. Қазақстанда метеор ағынын көруге ең қолайлы уақыт – түнгі сағат бірден үшке дейінгі аралық. Биыл метеор ағынының шарықтау шегі жаңа ай кезеңіне сәйкес келіп отыр. Қараңғы аспанда «жұлдызды жауын» жақсы көрінеді. Ең бастысы аспанды бұлт торламаса, жылына бір рет көрінетін әсем көріністі тамашалауға болады.

Сәуле Шомшекова, В.Фесенков атындағы Астрофизика институтының жетекші ғылыми қызметкері:

- Алматы қаласының тұрғындары Алматыдан тыс шығып бақылаған дұрыс ол көріністі. Себебі жарық шамдар бізге көруге қолайсыздық туғызады. Қаланың биік үйлері кедергі келтіреді. Біз үшін, бақылау үшін маңызды өріс кең болу керек. Көру өрісі кең болу керек. Бақыламас бұрын сіз көзіңізді 20-30 минуттай қараңғылыққа бейімдеп алу керек. Телефонға қарамауға тырысу керек. Қараңғылыққа үйренгеннен кейін көзіңіз өте ұсақ, жарық ағынды байқайсыз.

Күнді айналып жүрген кометалардың қалдықтары ол метеоридтер, яғни, Жер жылына бір рет осы аймақты кесіп өтеді. Сол кезде оның бөлшектері шамамен 60 шақырым секундына жылдамдықпен жердің атмосферасына енеді. Содан кейін ыдырайды. Осы құбылыс бізге метеорлық ағын ретінде көрінеді. Қарапайым халық оны «аққан жұлдыздар» деп атайды. Жақында Асы-түрген обсерваториясына толықтай Қазақстанда әзірленіп, құрастырылған жаңа телескоп орнатылды. Бұл телескоп аспан аумағын бақылауға және қозғалыстағы нысандарды, мысалы, орбитадағы жерсеріктер мен ғарыш бөлшектерін бақылауға мүмкіндік береді. Сонымен қатар оның көмегімен астероидтар мен кометаларды да зерттеуге болады.

Максим Кругов, В.Фесенков атындағы Астрофизика институтының аға ғылыми қызметкері:

-  Метеор ағындары кезінде телескоптың кадрына әртүрлі жарқылдар түсіп қалуы мүмкін. Олардың қайсысы метеорға тиесілі екенін анықтау қажет. Қазір ақпараттық технологиялар мен жасанды интеллекттің дамуы бұл жұмысты жеңілдетіп отыр. Арнайы бағдарламалар үлкен көлемдегі деректерді өңдеп, қажетті ақпаратты алуға  мүмкіндік береді.

Ғалымдардың айтуынша, қазіргі таңда қолданбалы астрономияның негізгі міндеттерінің бірі – Жер орбитасындағы қауіпті нысандарды анықтау. Олардың қатарында ескі жерсеріктер, қызмет мерзімі аяқталған зымыран бөлшектері және ғарыш қоқысының басқа да бөлшектері болуы мүмкін. Ғарыштағы мұндай нысандардың саны күн сайын артып келеді. Сондықтан оларды бақылау жұмыстары үздіксіз жүргізіледі.

Авторлары: Гүлжан Көленқызы, Эдуард Кон