Бүгін – Халықаралық Каспий күні
Жиырма жыл қатарынан Қарт теңізді қаумалай орналасқан бес мемлекет дәл осы күнді әлемдегі ең үлкен тұйық суға арнап, түрлі экологиялық бастамаларды ұйымдастырып келеді. Дей тұрғанмен, теңіз деңгейі әлі де тұралап тұр.
Мамандардың айтуынша, 2005 жылдан бері теңіз тұрақты түрде төмендеп келеді. Келер жылы 30 метрге дейін түсуі мүмкін деген де болжам бар. Себеп сан түрлі. Олай болса, байырғы Тетис мұхитының сарқыншағын қалай сақтай аламыз?
Қарт Каспий жыл өткен сайын таязданып келеді. Ширек ғасыр ішінде теңіз деңгейі 2 метрге түсіп, су айдыны шамамен 22 мың шаршы шақырым аумағынан айырылды. Екі жыл бұрын қызыл судың әсерінен теңізге 7 жарым миллиард текше метр су құйылып, солтүстік шығыс жағы 119 сантиметрге көтерілген еді. Алайда қуанышымыз ұзаққа созылмады, жаһандық жылыну мен белсенді булану үрдісі жағдайды бәз-баяғы қалпына келтірді.
Арман Өтепов, эколог:
- 2023 жылы деңгейі 28,67 метр белгіде болған. Бұл 2006 жылмен салыстырғанда 2 метр төмен. Біз қазір 1977 жылғы тарихи минимумға жақындап қалдық. Болжамдар бойынша 2026-2027 жылы деңгейі 29,35 метрге түсуі мүмкін. Біріншіден, бұл – климат. Жаһандық жылыну булану салдарының деңгейі жылына 400 метрге дейін жетті.
Жайық өзенінен келетін су мөлшері де соңғы жылдары сиреді. Биыл жағдайды реттеу мақсатында теңізге 6 миллиард текше метр шамасында рекордық су мөлшері құйылған. «Алайда бұл Каспийдің тынысын кеңейту үшін жеткіліксіз», - дейді мамандар.
Арман Өтепов, эколог:
- Сарапшы ретінде айтарым, бұл көлем деңгейі тұрақтандыру үшін жеткіліксіз. Каспийдің жылдық булану шығынын жабу үшін ол тек Волга өзенін жылына кемінде 240 куб/км су келуі тиіс.
Демек 6 млрд/куб ол теңіз үшін тек уақытша демеу ғана. Каспийдің экожүйесі қазіргі уақытта терең деградациясы сатысы деп айтуға болады.
Теңіздің тарылуы бекіре тұқымдас балықтардың көбеюіне де тосқауыл болып отыр. 20 ғасырда 70 жылға жуық уақыт бойы Каспий қара уылдырық өндірісінің негізгі көзі саналып, әлемдік қордың 90 пайызын қамтамасыз еткенін естуіңіз бар шығар? Ал қазір теңізді мекендейтін бекіренің 5 түрі де жойылу алдында тұр.
Болат Есекин, халықаралық сарапшы:
- Менің ойымша, біздегі судың ластануы, оның деңгейінің төмендеуі, биоалуантүрлілілікті сақтау сынды мәселелерді шешу жолдары тиімсіз. Қазір әлем бұл тығырықтан жаңа су парадигмасы арқылы шықпақ. Оның негізінде табиғатты бағындыру емес, онымен серіктес болу арқылы экологиялық түйіткілдерді шешу көзделген. Мысалы, қазір су бөгендерін салу арқылы суармалы жерлерді көбейту жолға қойылды. Бірақ жаңа зерттеулер бұл шаралардың керісінше, құрғақшылыққа алып келетінін көрсетіп отыр.
«Теңіз суының ластану деңгейі де шекті мөлшерден жоғары», - дейді эколог.
Арман Өтепов, эколог:
- Біріншіден, бұл – мұнай-газ секторы. Жыл сайын теңізге 120 мыңнан астам тоннадан мұнай өнімдері тасталады. Ол тек Қазақстан секторында 2005-2012 жылдар аралығында спутник мониторинг 330-дан астам мұнай төгілу фактісі тіркелген болатын. «Сонымен қатар теңіз деңгейінің өзгеруіне байланысты су астында қалу қауіпі бар 1000-ға жуық ескі мұнай ұңғымасы», - дейді скважина алатын. Бұл нағыз бізде экологиялық бомба ретінде болып отыр.
Ендеше қарт Каспийді, ондағы экожүйені, биоалуантүрлілікті сақтау үшін қайтпек керек?
Салтанат Рақымқызы, ҚР ЭТРМ «Қазақ каспий теңізі ғылыми-зерттеу институты» КЕАҚ басқарма төрағасының орынбасары:
- Қазақстан Президентінің тапсырмасы бойынша Каспий маңы елдерімен бірлесе отырып, Каспий теңізі су ресурстарын сақтау және тиімді пайдалану сұрақтары бойынша мемлекетаралық бағдарламалық құжат әзірлеу барысында, жұмыстарын жүргізу барысында. Сонымен қатар Тегеран конвенцияның аясында 2026-2036 жылдар арасында Каспий теңізінің деңгейінің өзгеруі барысын зерттеу сұрақтары бойынша іс-шара жобасының жоспары әзірленуде қазіргі таңда.
Теңіздің гидрометеорологиялық және экологиялық жағдайын кешенді зерттеу мақсатында былтыр Мемлекет басшысы тапсырмасымен Қазақ Каспий теңізі ғылыми-зерттеу институты құрылды. Ал биыл сәуір айында Өңірлік экологиялық саммит аясында Каспий теңізі деңгейінің төмендеу себептерін зерттеу және бейімделу шараларын әзірлеуде Қазақстан мен Әзербайжан мемлекеттерінің экология вице-министрлерінің теңтөрағалығымен алғашқы отырыс өтті. Жуық арада өзге де мемлекеттермен ортақ келісімге келу жоспарланып отыр.
Авторлары: Назым Кенжебай, Талғат Әділов