Мектепке дайындық: қалай үнемдеуге болады?
Оқу жылының басталуына санаулы күндер қалды. Қазір ата-аналар балаларын мектепке дайындап, қажетті киім-кешек пен оқу құралдарын сатып алумен әлек. Мектепке керек заттардың тізімі көбейген сайын отбасы бюджетіне түсетін салмақ та арта түседі.
Дариға Ташенова, тілші:
- Бір қарағанда мектепке дайындыққа көп қаражат кетпейтін сияқты көрінуі мүмкін. Алайда мына себет толғанда, бұл тауарлардың жалпы сомасы қомақты қаражатты құрауы әбден мүмкін. Сол себепті мамандар дүкенге шықпас бұрын үйдегі былтырдан қалған оқу құралдарының бар-жоғын тексеріп алып, міндетті түрде тізімді жасап келуге кеңес береді.
Бұдан бөлек, ата-аналар үшін мектеп формасы да қалтаға ауыр тиетін шығындардың бірі. Кейбірі киімді жеңілдіктер кезінде алдын ала сатып алса, енді бірі маркетплейстерден тапсырыс беріп, қаражатын үнемдеуге тырысады.
Айсара Қошанова, қала тұрғыны:
- Мен көбінесе балаларыма сайт арқылы заказ беремін. Американский сайттардан. Арзан шығады және сапалы киімдер келеді. Размері тура келмесе осындай дүкендерге келіп аламын. Жеңілдік кезінде, алдын ала дайындап қоямын балаларыма. Аяқ киімдерін осындай дүкендерден аламын. Оның сумкасы бар, сумкасының өзі 10 мыңнан жоғары тұрады. Жейдені 2-3-еуден аламыз бір балаға. Ауыстырып кию үшін, шалбар аламыз. Сонда шамамен 70 мыңнан жоғары шығады.
Ел өңірлерінде жыл сайын мектеп жәрмеңкелері де ұйымдастырылады. Онда оқу құралдары мен мектепке қажетті тауарларды тиімді бағаға сатып алуға мүмкіндік бар. Ал «Мектепке жол» акциясы аясында әлеуметтік жағдайы төмен отбасылардағы балаларға оқу құралдары мен қажетті заттар тегін беріледі. Елордада биыл 8,5 мыңнан астам оқушыға осындай көмек көрсету жоспарланған. Оқушылардың тізімін мектеп әкімшілігі жасақтайды.
Аяжан Амантайқызы, қала әкімдігі Білім басқармасының баспасөз хатшысы:
- Бізде жыл сайын көмек көрсеткісі келетін адамдар табылады. Арнайы компаниялар бар, кәсіпкерлер бар. Олар мектеп әкімшілігімен келісіп, сол жерде бала санына қарай, өздерінің қолдауларын көрсетіп жатыр. Әлі де жалғаса береді. Тамыз айының 31-не дейін.
Мектепке дайындыққа мемлекет тарапынан да қолдау көрсетіледі. Биыл осы мақсатқа республикалық бюджеттен 23 миллиард теңге қарастырылған. Қаржылай көмек әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларға беріледі. Өтінішті баланың заңды өкілі білім беру ұйымына 14 тамыздан 30 қыркүйекке дейін тапсыра алады.
Гүлзира Бозжігітова, ҚР Оқу-ағарту министрлігі Балалар құқығын қорғау комитетінің бас сарапшысы:
- Биыл әр балаға ең төменгі көрсеткіш 50850 теңгені құрайды. Ол былтырмен салыстырғанда 10 пайызға артық. Мәслихаттардың шешіміне сәйкес, Жамбыл облысында 66600 теңге, Павлодар облысында 62500 теңге, Алматы қаласында 60 мың теңгеден қарастырылған, ал елордада 50850 теңге беріледі.
Мектепке дайындық кезінде қаражатты үнемдеудің ең тиімді жолы – қажет заттарды алдын ала анықтау. Ол үшін әр ата-ана сынып жетекшілерінен оқу-құралдар тізімін сұрап алғаны жөн. Соның арқасында артық шығыннан арылып, оқу жылына дайындық айтарлықтай жеңілдейді.
Авторлары: Дариға Ташенова, Мадияр Қындыбаев, Абдулхамит Бөлекбаев, Искандер Серғалиев