Атырауда «Каспий күні»  форумы өтті

12 тамыз халықаралық Каспий күніне орай Атырауда ғылыми форум өтті. Оған еліміздің биолог ғалымдары, қоғамдық ұйым жетекшілері мен салалық басқарма басшылары және Ресей Федерациясының өкілдері қатысты.

«Каспий күні» конвенциясы 2006 жылы Тегеранда өткен халықаралық форумда қабылданған болатын. Сонан бері ортақ теңіз маңайындағы 5 мемлекет Каспий теңізі проблемасын бірлесіп зерттеп келеді. Соңғы 10 жылда теңіз 3-4 шақырымға, кей жағалауларда 10 шақырымға дейін шегініп кетті. Бұл теңіздің экожүйесіне және ел экономикасы мен айтарлықтай әсер етуде. Өткен 2,5 жылда Қазақстан өзендері арқылы Каспий теңізіне 35 млрд текше метрден астам су жіберілген. Оның 17 млрд текше метрден астам су 2024 жылы тіркелген ауқымды су тасқыны кезеңіне тиесілі. Ал 2026 жылдың басынан бері Каспий теңізіне Жайық және Қиғаш өзендері арқылы 6,16 млрд текше метр су бағытталды. «Бірақ ол да жеткіліксіз», - дейді ғалымдар.

Людмила Сангаджиева, Қалмақ мемлекеттік университетінің  профессоры, РФ

- Біздің мемлекеттің шамамен 45 шақырымдай аумағын Каспий теңізі шайып жатыр. Соңғы жылдары теңіз тартылып барады. Салдарынан балық шаруашылығы зардап шегуде. Ылғалдың аздығынан жағалаулардағы жайылым, шабындықтар қурап, құм басу қаупі төнуде.

Мәнсия Есенаманова, Х.Досмұхамедов атындағы университетінің профессоры:

- Солтүстік Каспийді ерекше атауға болады. Себебі бұл жер өте таяз, су көлемі өте аз болып келеді. Судың көлемі негізінен бізге Волга өзенінен келеді деп айтылғанымен, бірақ қазіргі уақытта оның азайғаны байқалып жатыр. Ал Жайық өзенінен келетін судың көлемі ондай көп мөлшерде емес.