«Халықтық құрылыс» бағдарламасы салаға серпін береді

Президент ұсынған «Халықтық құрылыс» бағдарламасы Кеңестік кезеңнен қалған инфрақұрылымдық желілерді жаңартады. Сонымен қатар осы салада жұмыс істеп жүрген компанияларға дамуға мүмкіндік береді, деп хабарлайды 24KZ.

Алматылық сарапшылар осындай пікірде. Алыс-жақын өңірлерде мектеп, ауруханалар, спорт кешендері мен Мәдениет үйлері бой көтереді. Жолдар мен көпірлер жаңарады. Су тазалау станциялары мен плотиналар салынады. Мұның барлығы халыққа керек. Сонымен қатар құрылыс материалдарына сұраныс артады. Қазір еліміз құрылыс материалдарына деген ішкі сұраныстың 70 пайыздан астамын өзі өтейді. Оның ішінде цемент пен бетоннан бастап темірбетон, металл конструкциялары мен гипсокартонға дейін Қазақстанда өндіріледі. Осы саладағы мәселелерді талқылау үшін қарашаның соңында құрылыс компанияларының басшылары мен мамандары Алматыда Аlatau Circle Summit-те бас қосады.

Ринат Балқыбек, «Alatau Circle Summit» ұйымдастырушысы:

- «Халықтық құрылыс» бағдарламасы аясында 6,5 трлн теңге көлемінде қаржыландыру қарастырылып отыр. Ендігі кезекте осы салада жұмыс істеп жүрген мамандар мен компаниялар үшін үлкен мүмкіндік туып отыр. Құрылыс салу үшін бізге бірінші кезекте білім керек. Эксперттік білім мен тәжірибе қажет. Сол мақсатта, яғни кәсіби деңгей мен білімді дамыту мақсатында осы форумды ұйымдастырып жатырмыз.

Тимур Нұртаев, Қазақстан құрылысшылар одағы Алматы қаласы бойынша филиалының директоры:

– Келесі жылы 1,5 триллион теңге бөлінеді. Ал 2029 жылдың соңына дейін 6,5 триллион теңге игеріледі. Бұл – өте қажет бағдарлама деп есептеймін. Себебі инженерлік желілердің бірқатары Кеңес Одағы кезеңінде салынған. Қазіргі таңда олар әбден тозған, жөндеуге келмейтін жағдайға жеткен. Сонымен қатар Қазақстанда халық саны өсіп жатыр. Сондықтан инженерлік желілерді жаңарту қажет.

Сондай-ақ оқыңыз: