Абай облысында шомылу маусымы басталғалы 12 адам суға кетті

Олардың төртеуі – бала. Құтқарушылардың айтуынша, қайғылы жағдайлардың көбі қарапайым қауіпсіздік талаптарын сақтамағаннан болады. Осыған орай Төтенше жағдайлар қызметкерлері рейдтік шараларды жиілеткен.

Аптап ыстықта Ертіс өзені мен көлдердің жағасы адамға толады. Бірақ су айдындарының бәріне бірдей түсуге рұқсат жоқ. Тек құтқарушысы бар, жағалауы тазартылған 16 нысанда шомылуға болады. Демалушылар аспалы көмір маңын демалыс аумағына айналдырып алған. Құтқарушылар бұл жерде ағыстың қатты әрі қауіпті екенін айтады.

Алмас Сүлейменов, ТЖД басқарма бастығы:

- Мына жерге суға түсуге тыйым салынған жерлер. Өйткені бұл жердің ағысы қатты. Сонымен бірге көп жерлердің түбі зерттерлмеген. Мысалы, Семей қаласының өзін алсақ, 18 орын бар суға түсуге тыйым салынған жерлер. Ол жерлердің барлығына белгі қойылған. Өңір бойынша 150 ден астам суға түсуге болмайды деген белгі қойылған.

Қайғылы жағдайдың алдын алу үшін құтқарушылар жағалауларды таңғы сегізден кешкі сегізге дейін бақылайды. Бұл шараларға 16 су көлігі, 30 жаяу патруль және 118 маман жұмылдырылған. Сонымен бірге құтқарушылар түнгі рейдке ұдайы шығады.

Әнуар Тағаев, құтқарушы:

- Көбіне адамдар суға масаң күйде түседі. Балаларын жалғыз қалдырады. Күніне енді 2-3 адам, кейде болады. Кейде адамдар тыңдап суға түсіп жүреді. Кейде аяқтары тартылып қалуы мүмкін алысқа жүзгеннен. Неше түрлі жағдайлар болып тұрады.

Құтқарушылардың айтуынша, ата-ана баласын суға түсіргенде үнемі бақылауда ұстауы керек. Себебі қайғылы жағдай әп-сәтте болуы мүмкін.

БЛИЦ:

- Ата-аналар балаларын жалғыз жіберуге болмайды. Өздері алып кетіп, келуі керек. Терең жер. Білмейсің қандай жер екенін. Мұнда белгі қойып қойған, ары қарай баруға болмайды.

- Балалардың қауіпсіздігіне ата-ана да, аға-әпкесі де, ата-әжесі де жауапты. Сондықтан балаларды бір сәтке де қараусыз қалдырмау керек. Әсіресе шомылуға арналмаған жерге жіберуге болмайды.

Қауіпсіздік талаптарын сақтамағандарға жыл басынан бері 140 хаттама толтырылып, 3 млн теңгеге жуық айыппұл салынған.

Авторлары: Мерей Бает, Ботакоз Дандыбаева