Қарағанды облысындағы Топар электр станциясына 8 миллион теңге айыппұл салынды

фото: Экология департаменті

Қарағанды облысы бойынша Экология департаменті «Топар басты тарату электр станциясы» ЖШС-не жоспарлы тексеру жүргізді, деп хабарлайды 24KZ.

Тексеру барысында ағынды сулардағы мұнай өнімдерінің мөлшері белгіленген нормативтен асып кеткені анықталды. Рұқсат етілген көрсеткіш 0,054 мг/дм³ болса, нақты көрсеткіш 0,169 мг/дм³ болған.

Сонымен қатар қалдықтарды жинақтау және сақтау кезінде бірқатар заң бұзушылық анықталды. Атап айтқанда, пайдаланылған майларға арналған герметикалығы жоқ ыдыстар, майлы сұйықтықтардың төгілуі, әртүрлі қалдық түрлерінің бірге жиналуы және қалдықтардың бұл мақсатқа арналмаған орындарға орналастырылғаны белгілі болды.

Тексеру қорытындысы бойынша кәсіпорынға анықталған заң бұзушылықтарды жою туралы нұсқамалар берілді.

Салынған айыппұлдардың жалпы сомасы 8 021 492 теңгені құрады.