ШҚО-да 150 тоннадан астам пішен шөп өртеніп кеткен
Шығыс Қазақстан облысында соңғы алты айда 150 тоннадан астам пішен өртеніп кетті.
Облыстағы шаруа қожалықтарының аумағында 11-ден астам ірі өрт оқиғасы тіркелген. Ондаған фермер маусымдық мал азығынан айырылып, шығынға батудың аз-ақ алдында қалды. Төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, өрттің негізгі себебі тракторлар мен ауыл шаруашылығы техникаларын пайдалану талаптарының өрескел бұзылуы. Атап айтқанда, техникалар ұшқын сөндіргіш құрылғылармен жабдықталмаған. Шөп маялары электр желілеріне тым жақын орналастырылған. Ал егістік алқаптарда өрттің таралуына жол бермейтін қорғаныс орлары мен минералдандырылған жолақтар жасалмаған. Осыған байланысты орақ науқаны қарсаңында департамент мамандары аудан аралап, тұрғындар арасында өрт қауіпсіздігі талаптарын сақтау бойынша түсіндіру жұмыстарын жүргізуде.
Марина Лискова, ШҚО ТЖД баспасөз хатшысы:
- Шөпті қауіпсіз сақтау үшін маяларды электр желілерінен кемінде 15 метр қашықтықта, ал ғимараттар мен құрылыстардан кемінде 50 метр қашықтықта орналастыру қажет. Сондай-ақ егістік жұмыстарын атқаратын қызметкерлер уақтылы өрт қауіпсіздігі бойынша нұсқамадан өтуі тиіс.