Қарағандыда газдандыру жұмысы қарқын алды
Жақында Қарағандының екі шағын ауданындағы 5 мыңнан астам үй табиғи газға қосылады. Қазір Күнгей және Таугүл шағын аудандарында газ желілерін тарту жұмысы аяқталуға жақын.
Жалпы облыста газдандыру жұмысы қарқын алған. Жаңа желілер салынып, халық біртіндеп көгілдір отынның игілігін көріп жатыр. Алайда газға қосылуды жылдар бойы сарыла күтіп отырған ауылдар да бар.
Руслан Нұрланұлы, тілші:
-Қаланың темір-бетон зауыты маңындағы жеке сектор тұрғындары жылдар бойы пеш жағудың мәшақатын тартып отыр. Оның үстіне көмір мен ағаштың бағасы жыл өткен сайын қымбаттауда. Бұл аумаққа газ тарту келер жылға жоспарланған. «Алайда барлығы қаражаттың бөлінуіне байланысты» дейді жергілікті билік өкілдері.
Бұл маңдағы халық тонналап көмір сатып алып, қыс бойы күл шығарумен әуреленеді. Жүздеген үйдің мұржасынан шыққан қара түтін аспанды тұмшалап, жұрт қолқаны қабатын улы газдың зардабын әбден тартады. «Ал газ тартылады дегелі қашан», - дейді осы ауданның байырғы тұрғыны Гүлия Ералинова.
Гүлия Ералинова, қала тұрғыны:
- Біз естігелі 3-4 жыл ма сондай болып қалды. Мына ЖБИ-дың арғы жағынан тартқанын көргенбіз. Ой газ келеді, жақсы болды деп едік, әлі жоқ енді. Көмір алу керек, көмір қымбат. Ағашы бар. Оны енді күнде тазалап, күнде жағу деген бір адамның жұмысы ғой.
Галина Соловьёва, қала тұрғыны:
- Бір қысқа 6 тонна көмір аламыз. Биыл бағасы қымбаттап кетіпті, шамамен тоннасы 30 мың тұрады. Өткен жылы бір тоннасы 25 мың еді. Күйеуім екеуміз тұрамыз. Ауыр болған соң көмірді шелектерге толтырып аламыз да, шанаға салып, үйге жеткіземіз. Күлді де солай шығарамыз. Газ тартамыз деп уәде бергелі қашан, әлі күнге дейін тартып берген жоқ.
Бұл аумақтағы жұрт көгілдір отынды күтіп отырса, қаланың басқа аудандары мен көршілес қалаларда жұмыс аяқталуға жақын. Қарағандыда Күнгей және Таугүл шағын аудандарындағы алтыншы газ тарату кешенінің құрылысы соңына жетіп қалды. Мұнда 5 мыңнан астам үй көгілдір отынға қосыла алады. Ал Теміртау қаласында жоба толық аяқталды.
Алуа Төлеу, Энергетика және түкш басқармасының басшысы:
- Қарағанды және Теміртау қалаларында газ тарту желілері шамамен 16 мың үйдің ауласына дейін тартылды. Қарағандыда 10 000, ал Теміртауда 6000 үйдің газға қосылу мүмкіндігі бар. Қазіргі таңда екі қаланы қоса алғанда 8 мыңнан астам абонент көгілдір отынды тұтынып отыр.
Газдандыру бойынша ірі жоба Шахтинск қаласында келер жылға жоспарланған. Мұнда 230 шақырымнан астам газ желісі тартылады. Жұмыстар аяқталғаннан кейін қаладағы 10 мың абонент табиғи газға қосыла алады. Ал Шет ауданында төрт ауылды көгілдір отынмен қамту жобасы әзірленіп жатыр.
Авторлары: Руслан Нұрланұлы, Сайран Ақамбаев, Аман Хамит